Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасы салық түсімін арттыру және заңсыз жолаушы тасымалын ретке келтіру мақсатында іс-шара өткізді.
Заңсыз жолаушы тасымалын ретке келтіру арқылы салық түсімін арттыру қазір күн тәртібінде тұрған басты міндеттің бірі. Осыған байланысты салықшылар облыс басшылығының осы бағыттағы тапсырмасына сәйкес түзілген жоспар бойынша жұмыс жасап жатыр.
Сырттан келген қонақтың Қызылорданы «таксишілер қаласы» атандырғанын бүгін ғана естіп жүрген жоқпыз. Бұл – соңғы 10-15 жылда пайда болып, қазір көптің көзі үйренген құбылыс. Бірақ, жолаушы тасымалымен айналысып жүргендердің бәрі заң аясында жұмыс жасап жатыр ма? Мәселе сонда...
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі №476 «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 26-бабына сәйкес дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар жолаушыларды тасымалдау қызметін жүзеге асырудан бұрын мына талаптарды орындауы қажет. Көліктің қауіпсіздігі, тазалығы, техникалық байқаудан өтуі осы міндеттер қатарына кіреді. Сондай-ақ, диспетчер қызметі ұйымдастырылып, таксометр болуы қажет. Ең бастысы, жеке көлігімен жолаушы тасымалдаумен айналысатын жеке тұлғалар заң талабына сай міндетті түрде салық органына кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Кәсіпкер ретінде тіркелу көп уақыт алмайды. Ең оңай жолы – арнайы салық режімін таңдап, негізі патент ретінде тіркелу.
Іс-шараға қатысқан қалалық салық басқармаcы, коммуналдық шаруашылық бөлімі, ОІІД әкімшілік полиция басқармасы мен көліктік бақылау инспекциясының өкілдері көп ретте таксишілердің осы талапты орындамайтынын айтады. Сондықтан да шараны ұйымдастырушылар Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қатыстыру арқылы заңсыз жолаушы тасымалдауымен айналысып жүрген таксишілер шоғырланған жерлерде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Біз заңсыз жолаушы тасымалына қарсымыз» атты акция өткізді.
Жолаушыны заңсыз тасымалдап жүргендердің көпшілігі «Көлік өзімдікі, қалай табыс тапсам да өзім білем» деген ойдың жетегінде жүргені анық. Олар салық органына тіркелу өзінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететіндігін естен шығарып алады. Патент құны жеке тұлғаның ай сайынғы табыс табу мүмкіндігіне қатысты берген мәліметі негізінде анықталады. Кәсіпкер ретінде тіркелуге талап қылғандар үшін жинайтын құжат та көп емес.
Патент салық төлемгерінің арызында көрсеткен мерзімге байланысты, бір айдан он екі айға дейінгі аралыққа беріледі.
Ал егер кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіпкерлік қызметімен заңсыз айналысқаны анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 357-1 бабының 1 тармағына сәйкес жеке тұлғаларға акт-хаттама толтырылып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау мақсатында сот органдарына жолданады. Жолаушы, жүк тасымалдаумен айналысатын жеке тұлғалардың әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті сот шешімімен айқындалған жағдайда, оларға айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады.
Е.ЕЛШІБЕК.