Хәкім Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалай бітіргенінен емес» деген ғибратты тәмсілі ұлы істердің ізашары болған жандарға қарата айтылса, қандай жарасымды. Бұл мағыналы сөз «Құмкөлдің» қазығын өз қолымен қаққан, Сыр бойындағы мұнайшылар мектебінің негізін салған Мұрат Саламатовтай азаматтарға арналған сияқты көрінеді. Бүгінде үш онжылдықты артта қалдырған «Құмкөл» мұнай кенішінің тарихы туралы айтылатын әңгіменің әлқиссасы осы кісіден басталады. Тарихты адамдар жасайтынын ескерсек, «Құмкөлдің» құтты қойнауынан алғаш рет «қара алтын» атқылатқан адамдар еңбегі ешқандай өлшемге сыймайтын ерен еді.
«Құмкөлдің» бастауындағы 1985 жылдың 6 маусымында шыққан КСРО Мұнай өндірісі министрлігі бұйрығының көшірмесі – менің жеке архивімнен орын алған құнды құжаттардың бірі. «Қазақ КСР-індегі «Құмкөл» кенішін іске қосу мен пайдалануға әзірлік шараларын ұйымдастыру» туралы бұйрықта геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде сол кездегі Жезқазған облысы аумағындағы «Арысқұм» иінінен жаңа әрі болашағы зор кен орны табылғаны атап көрсетілген. Қазақ Геология министрлігінің «ЮжКазгеология» бірлестігі жасаған жұмыстардың арқасында көпқатпарлы «Құмкөл» кеніші ашылды.
Аталған бұйрықта «Маңғышылақмұнай» бірлестігіне 1987 жылдың 4-тоқсанында кеніште мұнай өндіруді қамтамасыз ететін кешенді шараларды атқару, 1986 жылдың 1 шілдесінен бастап «Маңғышылақмұнай» бірлестігінің құрамындағы дирекцияны Қызылорда қаласында құру тапсырылған. Тамыздың 1-не дейін барлық құжаттарды әзірлеп, министрлікке жеткізу керек.
Тағы бір құжатты сөйлетсем, 1986 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің төрағалығымен өткен жиында «Құмкөл» кенішін игеруге дайындық мәселесі қаралған. Жиналыс протоколындағы қатысушылардың тізімінде сол кездегі облыс, қала басшылары, «Маңғышылақмұнайдың» бас директоры А.Дергачев, Қазақ КСР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Б.Нұржанов және «Маңғышылақмұнай» бас директорының орынбасары М.Саламатов бар. Бұл – Сыр бойындағы мұнай өндірісінің бастау бұлағында кімдердің тұрғанын айқындап тұр.
КСРО Мұнай өндірісі министрлігінің 1987 жылдың 24 желтоқсанындағы бұйрығында алдағы жылдан бастап «Маңғышылақмұнай» бірлестігінің «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасын қайта құрылымдау тапсырмасы берілген. «Құмкөлмұнайға» аталған кеніште және оған жақын кеніштерде мұнай өндіру, скважиналар салу жүктелді. Ал 1991 жылдың 21 наурызында «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігін құру жөнінде бұйрық шыққан. Аталған құжаттар Сыр бойындағы мұнай өндірісінің қандай соқпақтардан өткеніне куә. Оған еңбегі сіңген азаматтардың аты-жөні осында қаттаулы.
Қазақ политехникалық институтын бітірген 1982 жылы жас маман ретінде мені Маңғыстауға жіберді. «Маңғышылықмұнайгазбарлау» комплекстік экпедициясы деген қарашаңыраққа жұмысқа тұрдым. Бұл мекеме соғыстан кейін әбден тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін 1957 жылы құрылған. Кейін экономикалық қуаттылықты арттыру үшін жаңадан кеніштер ашыла бастады. Өйткені Татарстандағы, Грозныйдағы, Башқұртстандағы бұрынғы кеніштердің тиімділігі төмендеді. Бұрғылау жұмыстарының бағыты Сібір жаққа қарай ауды. Сол бағытпен Маңғыстауда, Ақтөбеде, кейін Қызылордада кен орындары ашылды. Одақ кезінде Геология министрлігі Ресейде, Қазақстанда, Өзбекстанда, Украинада болды. Осы ізбен Маңғыстауда мұнайшылар дайындайтын мектеп қалыптасты. “Маңғыстаумұнайгазбарлаудың” 40-қа жуық кен орнын барлап, жер қойнауындағы “қара алтын” қорын анықтағаны таусылмайтын тарих. Осындай ерен еңбегі үшін 3 адам – Қазақ КСР Геология министрі Ш.Есенов, экспедиция бастығы Х.Өзбекқалиев, бас геолог В.Токарев Лениндік сыйлыққа, тағы басқа адамдар КСРО Мемлекеттік сыйлығына, Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болғанын ел біледі.
Осы мектептен өткен Мұрат Саламатовпен 1985 жылы Ақтауда кездестім. Алдында «Қызылордадағы «Құмкөл» кенішін игеру басталды» деген хабарды естігенбіз. Кенішті негізінен «Маңғышылақмұнай» өндірістік бірлестігінің мекемелері игереді екен. Алдымен Маңғыстауда шыңдалған Есқожа Бергенбаев Қызылордаға жұмыс ауыстырды. База жасақталмай, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілмей істің алға баспайтыны белгілі. 1988 жылдың наурызында мұнай-газ өндіру басқармасы құрылып, мен өндіріс бөліміне, Ү.Ұлықбаев бас механик, А.Тұрсынбеков «Құмкөл технологиялық транспорт» басқармасының басшылығына, Ж.Жалғасов бас инженер болып жұмысқа келдік. Алдында әкемнің қазасына байланысты елге келгенімде Мәкең «Туған жеріңе қызмет қылатын уақыт жетті» деген еді. Қолыма қызмет ауыстыру туралы қатынас қағазын да ұстатып жіберді. Аудандық партия комитетіндегі жауапты қызметімді тастап, Мәкеңнің шақыруын қабыл алдым. Оның үстіне әкейдің қазасынан кейін үйдің үлкені ретінде мойнымда бірталай міндеттерім бар еді.
Өндіріс бөліміндегі жұмысымыз басталды. Бізді құшақ жая қарсы алған жоқ. Мұндағы жағдай белгілі. Үй-күй жоқ, Әуезов көшесіндегі ғимараттың жартылай подвалынан кеңсе берді. Мекеме қызметкерлерге үй салуға ақша аударғанмен, мұндағы құрылыс мекемелерінің сонша жұмысты атқаруға қуаты жетпейді. «Үлкен жол бірінші қадамнан басталады» емес пе?! Саламатовтың басшылығымен барлық құжаттар сол жердегі кеңседе дайындалды. Құжаттарды сауатты етіп жасаудың машақатын онымен айналысқан адамдар ғана біледі. Ол кісінің ой ауқымдылығы, Орталық партия комитетінде, обкомда, мұнай өндіру саласында жинаған тәжірибесі, жұмысқа ынтасы ерекше еді. Құбыр, трансформатор Украинадан, бұрғылау қондырғылары Свердловскіден, тағы басқа керекті құрал-жабдықтар сол кездегі Одақтың әр қиырынан тасымалданады. Осының бәріне басшылық жасайтын «Союзнефтькомплект» бас басқармасымен тығыз байланыс орнатты.
Саламатов аса өзекті болған кадр мәселесін шешу үшін көп шаруа тындырды. «Құмкөлдің» болашағына сеніп келген мамандарды тұрақтандыру оңай болған жоқ. Ақтаудан арнайы рейспен мамандар әкелінеді. Газлиден мұнайшыларды отбасыларымен көшіріп, оларға барлық жағдай жасады. Қазір Мәкеңнің шақыруымен келгендер Қызылордаға сіңіп, әр салада қызмет атқарып жүр. Бұрын ешқандай өндірісі болмаған аграрлық өңірге үлкен өндірісті, оның үстіне бұрын мүлде беймәлім болған тың саланы игеру ерлікпен пара-пар еді. Тыңға түрен салғандай тынымсыз еңбек Мұрат Саламатовтың мұнай саласының бүге-шігесіне дейін білетін біліктілігін, болашақта қандай бағытты қолға алу керектігін алдыбұрын сезетін стратегтігін көрсетті.
Ол кезде кейін Премьер министр, Қазақстан Мұнайгаз министрі болған Нұрлан Балғымбаев Мәскеуде одақтық Мұнайгаз министрлігінің бас басқармасында жұмыс істейтін. Мәкеңмен жақсы дос еді, жаңа кеніштің ашылуындағы қат-қабат тірлікке көп жәрдемі тиді. Дос болудың нағыз үлгісін осы азаматтардан көрдік. Бір-біріне ағалы-інілі бауырлардай ілтипат танытатын. 1990 жылдың 9 мамырында «Құмкөл» бірінші рет мұнай берді. Үш жылдың ішінде Саламатов Маңғыстаудағы басқармалармен, Алматы, Мәскеудегі министрліктермен байланысып, қажетті құрал-жабдықтар алдырды. Жезқазғаннан электр желісі, Қызылордадан тас жол, «Құмкөл-Қарақайың» мұнай айдау құбыры салынды. 1991 жылы жазда алғашқы миллион тонна мұнай алғанымызда Қызылордаға КСРО Мұнайгаз министрі Л.Филимонов келді. Бұл – Қызылорданың ғана емес, Қазақстанның мұнай өндіру тарихының жарқын беті.
Сол жылы тек «Құмкөл» ғана емес, басқа да кеніштерді игеру, жаңадан мұнай-газ кен орындарын барлау жөнінде Қазақстан Министрлер кеңесі арнайы қаулы қабылдады. Соның негізінде «Сырдариямұнайбарлау» экспедициясы құрылып, мен оның бас инженері болып тағайындалдым. Жергілікті мамандар «Ащысай», «Оңтүстік Ақшабұлақ», «Блиновский» деген кеніштерді ашты. Мұрат Саламатовтың іскерлігі мен ыждағаттылығы құлазыған қу даланы өндірістік, тұрмыстық базасы жасалған, әлеуметтік құрылыстарды сақадай сай орынға айналдырды.
Мұнай алу үшін ең бірінші ұңғыларды көбейту керек болды. Мәкең бүкіл бұрғылау жұмыстарын ұйымдастыруда өте ауқымды жұмыс жасады. «Құмкөл» экспедициясын құрды. О баста «Жетібай бұрғылау» басқармасына бағынатын еді. Кейін өз аяғынан тік тұрған мекемеге айналды. Бұл жерден еліміздің мұнай өндірісіне сүбелі үлес қосқан айтулы мамандар тәрбиеленіп шықты.
Саламатов алғашқы бірлескен кәсіпорындарды құруда көп еңбек сіңіріп, шетелдік әріптестермен интеграцияға жете мән берді. Бұл жаңа кәсіпорындардың, бүгінгі «Торғай Петролеум» мен «ҚазГермұнай» компанияларының құрылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды. «Құмкөлден» басталған жол қазір халықаралық деңгейге жетті.
Мәкең көңілі өскен сәттерде «Жас дәурен», «Екі жирен», «Теміртас» әндерін әуелете шырқайтын. Жұмыста аса талапшыл, қандай тапсырма болмасын, тап-тұйнақтай орындалғанын қадағалайтын адамның талғам биігіне қызығушылықпен қарайтын едік. Жан дүниесі бай адамдар ғана осындай әдемі әндерге, жан-жағындағы жинақылыққа, табиғи жарасымдылыққа әуес болады екен.
Адамның еңбегі атақ-дәрежесімен емес, артында қалдырған ізімен бағаланады емес пе?! Мәкеңнің ғұмыры қамшы сабындай тым келте болды. Еткен еңбегінің зейнетін көрер шағында дүниеден өтті. Бірақ, еңбегін бағалаған халқының құрметіне бөленді. Ол «Құмкөлдің» негізін қалау құрметі, оның құт-қазынасын адамдарға ашып беру еншісі тигені үшін өзін бақытты сезініп, тағдырына ризашылығын білдіретін. Қызылордада өткізген жылдарын кәсіби және адамгершілік сынақ кезеңі, өзін-өзі таныған уақыты деп бағалайтын.
Жылнамадан өтіп бара жатқан жылда Сыр өңірі халқы, мұнайшы қауымы Мұрат Ғазизұлының туғанына 75 жыл толуын түрлі шаралармен атап өтті. Маңайын ізгілік шуағына бөлеп, мейірім-шапағатымен толтырып жүретін жанды барша әріптестері мен оны танып-білген адамдар еске алды. Жақсының мәңгілік жасайтын ісін жас ұрпаққа үлгі еткен шараларда Саламатов есімі атаусыз қалмайды.
Қазір Қызылорда қаласында бір көше ардақты азаматтың есімімен аталады. Кезінде бұл көшеде Саламатов бастаған мұнайшылардың алғашқы қоныстары орналасқан еді. «Құмкөлде» мүсіні бой көтерді. Бұл ұлағатты ұйымдастырушы, іскер басшы, өз мектебін қалыптастырған білікті маман Мұрат Саламатовтың екінші мағыналы ғұмыры басталғанын білдірсе керек.
Ғалым БАЙМАНОВ,
инженер-мұнайшы.