Мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға байланысты қолдауының нәтижесінде, Сыр өңірінде аталған саланың жұмысы өркен жайып келеді.
Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы №6-3/597 «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құның субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен 1500 өтінім қабылданды. Бұның ішінде 47 өтінім «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы және 1453 өтінім облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы алынып, егіншілікке пайдаланылған 2,6 млрд текше метр суға 127,6 млн теңге субсидия төленді.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында цифрлық жүйеге көшу туралы тапсырмасына байланысты алдағы жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне мемлекеттік қолдауға өтінімдер қабылдаудың барлығын дерлік электронды жүйеге көшіру жоспарлануда. Яғни, субсидия берудің барлық процестері (өтінім беру, өтінімдерді қарау және шешім қабылдау) электронды жүйеге ауысып, мәліметтер ашық интернет порталына орналастырылады. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ашықтық қамтамасыз етілетін болады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы субсидиялау жұмыстарын электронды жүйеге көшіруге байланысты тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Ж. МҰСТАЯПОВ.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы
Егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы.