«Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалы Елбасының биылғы жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын аудан тұрғындары арасында насихаттауда жоспарлы жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Ғ.Қазантаев пен партияның белсенді мүшесі, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев аудан тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп, Елбасы Жолдауын жүзеге асырудың жолдарын көпке жария етуде.
Аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға назар салар болсақ, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы аймақтағы жарқын істердің жаршысы, ұтымды ұйымдастырушысы болып келе жатқандықтарына көз жеткіземіз. Аудандық ұйымда 2700 мүшені есепке алған 68 бастауыш ұйым бар. Бастауыш ұйымдардың беделін көтеруде көптеген игілікті істер атқарылуда. Нұротандықтар аудандағы қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасап, көпшілік көкейіндегі мәселелердің оң шешімдерін табуына ықпал жасауда. Саралап айтар болсақ, Сырдария өзенінен салынып жатқан көпір мен Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде салынып жатқан кент орталығындағы 250 орындық жаңа емхана құрылыстарының сапасы басты бақылауға алынған. Аудандық ұйымның бастамасымен еліміздің экономикасын дамытуда елеулі рөл атқаратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының аудан аумағындағы бөліктерінің жұмысы үнемі бақылауда болып, ондағы жұмысшылардың жұмысы мен тұрмыстық жағдайлары тұрақты назарда ұсталған.
Елбасының биылғы жылғы Жолдауында: «Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру қажет» деген болатын. Аудандық партия филиалы «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры арқылы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» мақсатындағы мемлекеттік тапсырысты ұтып алып, құқық қорғау органдарымен бірлесе жүріп, елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар мен «Ашық есік» күнін өткізуді дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, жыл сайын осы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Yздік плакат», «Yздік мақала» байқауларын ұйымдастырады. Жыл қорытындысында анықталатын бұл байқауларға қатысушылар қатары жыл санап көбейіп келеді.
– Ауданымыздың басты кәсібі, – дейді бізбен әңгімесінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары М.Омаров, – ауыл шаруашылығы. Сыр аймағының басты дақылы – күріш өсіруден аудан диқандары әрдайым алғы шептен көрініп келеді. Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың ауыл шаруашылығы қорытындысымен «Озат аудан» номинациясы жеңіп алынды. Бұған біздің нұротандықтардың қосқан үлесі қомақты. Айталық, өткен жылдың көктемгі егіс салу науқаны кезінде көп жылдар бойы тоқырауға ұшырап тұрған А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин, Қалжан ахун ауылдарының ахуалы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тікелей араласуымен өз шешімін тапты. Мұнда партияның белсенді мүшелері А.Ералиев, А.Камалатдин, Б.Қадіров, М. Бисенов. А.Құлбаев, Қ.Нұрсейітовтердің ересен еңбектерін айта кету ләзім.
Сөз орайы келгенде, Марат Омаровқа аудан аумағындағы партия белсенділері туралы да айта кетуді сұрағанбыз. Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясы мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов, «Әйелдер қоғамдық бірлестігінің» төрайымы Ұ.Жанәлиева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрағасы Ж.Қонысбаев, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Б.Сауытбаевтар аудан аумағында атқарылып жатқан ауқымды істерге бас-көз болып, сүбелі үлестерін қосып жүр. Сондай-ақ, партияның бастауыш ұйым төрағалары Ш.Зетов, Н.Әйтенов, С.Сарманов, М.Төлегеновтер де аудандағы игілікті істерге ұйтқы болып жүрген сыңайлы. Жоғарыда аттары аталған партия белсенділері аудан аймағында кіші және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, адамдар құқын қорғауға, жұмыссыздықты жоюға, бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың тұрмыс-тіршіліктерін жақсартуға қатысты мәселелерді күн тәртібінен түсірген емес.
– Еліміздің жетекші партиясы – «Нұр Отанның» бастамасымен аймағымызда осындай жарқын істер жалғасын таба бермек, – дейді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары М.Омаров.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.