ДҮЙСЕНОВТІҢ ДАРА ЖОЛЫ

Белгілі әдебиеттанушы, ғалым Мырзабек Дүйсеновтің  желтоқсан айында туған күніне орай, М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінде тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Мақтауға да, мақтануға да лайық азамат» тақырыбында кеш өтті. Жазушылығымен  қатар, ғылымды да қоса алып жүрген  Мырзабек Дүйсенов әдебиеттің бірнеше  жанрына  тың жол салған. Оның «Ана махаббаты», «Қалыңдық», «Гүлжан сүйеді», «Меймандар», «Ант», «Үміт», «Біз – күн перзентіміз», «Бір аспанның астында», «Ғасырлар сыры», «Сағанатас сырлары» және басқа көркем шығармалары, ғылыми-танымдық эсселері, зерттеу еңбектері қалың оқырманның қажетіне жараған дүниелер.
Кеште ғалымның қалам тартқан   шығармалары төңірегінде ой қозғалды.  Қаламгердің  інісі Елеусін Дүйсенов ағасы  жайлы естелік айтты. Сонымен қатар Мырзабек Төлегенұлының жазған күнделіктері  негізінде  өзі  құрастырған  «Жылдар мен сырлар» атты  кітабы  төңірегіне  тоқталды.
Мырзабек  Дүйсенов  десе,  ұмыт бола бастаған  жанр – күнделік жазу өнері еске  қоса  түседі. Себебі  ғалымның бүкіл туындысының арқауы  өзі  жазған күнделік деректерінде жатыр.
Лицейдің  11-сынып оқушысы Ержігіт Нұрсұлтан өзінің ғылымға деген алғашқы қадамын М. Дүйсенов  шығармаларын оқып, зерттеп, қызығушылығы оянып, нәтижесінде «М.Дүйсенов шығармаларындағы адами тұлға» деген тақырыпта ғылыми жоба жазғанын айтты және тынымсыз ізденіс арқасында  жобаның да сәтті қорғалғанын тілге тиек етті. Кеш барысында лицей табалдырығын аттағалы ғалымның еңбектері, әдеби шығармаларымен танысқан оқушы Қуаныш Айша өз әсерін «Біз – Дүйсенов лицейінің түлегі» деп аталатын жыр жолдарымен жеткізді.
Кездесу соңында поэзияны сүйетін оқушылар  Мырзабек Дүйсенов  шығармаларын оқи отырып, зерттелмеген тың мұраларын жинақтап,  алдағы уақытта  жарыққа шығаратындарын айтты. Дарабоз  қаламгердің дара  жолы  ұрпақ есімінде осылайша асқақтай  бермек.

Майра БЕКЕТОВА,
М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицей
 директорының орынбасары.
ҚОҒАМ 26 желтоксан 2017 г. 1 079 0