Естен кетпес әсер сыйлайтын Жаңа жыл мерекесін әсіресе асыға күтетін балалар биыл да тосын сый мен тамаша тартуларға ие болды. Айталық, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымы балақайларға арнап Жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастырды.
Аяз ата мен Ақшақар және ертегі кейіпкерлерімен бірге би билеп, өлең айтып, жарыса тақпақтарын айтқан балғындардың жүздері бал-бұл жанып, тәттілер мен сыйлықтарға ие болды.
Жасыл шырша жанында жүздері қуаныштан бал-бұл жанған балаларды ХҚКО департаментінің басшысы Айнұр Шорабекқызы қуаныштарымен бөлісіп, ақжарма тілегін білдірді.
– Баршамыз асыға күтетін Жаңа жыл мерекесіне санаулы күндер ғана қалды. Мен сендерді алдағы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осынау шырша тойы барлығыңа естен кетпестей әсер сыйласын, тілектерін орындалсын. Жаңа жыл құтты болсын! Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер! – деді департамент басшысы.
«Халыққа қызмет көрсету орталығы» ұжымы қызметкерлерінің балаларына арналған Жаңа жылдық шыршасына қатысқан 100-ден аса балаға ХҚКО атынан ойыншықтар мен тәттілер таратылды.
Әдеттегідей Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен мерекелік қойылым көрсетіліп, ән-биге ұласты. Әдемі ертеңгілікті жоғары дәрежеде ұйымдастырған Қызылорда қалалық филормония ұжымына ХҚКО қызметкерлері дән разы болысты.