Шиелі ауданындағы «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы соңғы екі-үш жыл көлемінде табысты еңбек етіп келеді. Биылғы жылда да олар биік межеге қол жеткізіп, мол үлес қосты. Мәселен, Бауыржан Көпеев басшылық ететін ұжым үстіміздегі жылы 800 гектар Сыр салысынан орта есеппен 59 центнерден өнім алды. Осындағы 3 бригаданың барлығы да межелі жоспарын орындап шықты. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, шаруалардың жаз бойғы адал бейнеті әр еңбеккерге табыс болып оралары анық. Мұнда ауылдың 130 адамы байырғы диқаншылықпен шұғылданып, атамекеннің көркеюіне үлес қосып жүр.
Жуырда озат ұжым өз жетістіктерін үлкен ауқымда тойлап, қуанышын өзгелермен де бөлісті. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров әуелі ауыл шаруашылығы саласында атқарылған істер мен қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Сонан соң, аталған ұжым еңбегіне сүйсінісін білдірді. «Биылғы жылы Шиелі ауданы үздіктер қатарынан табылды. Әрине, бұған сіздердің де мол үлестеріңіз бар» деп ауыл тұрғындарына аудан әкімінің ризашылығын жеткізді. Шаруашылық төрағасы Бауыржан Көпеев әр жұмысшының еңбегіне сай сыйақы берілетіндігін айтып, жұртшылықты қуантты. Мәселен, оларға жалпы 9 млн теңге сыйақы таратылатын болса, диқандарға әртүрлі аталым бойынша 80 мыңнан 500 мың аралығындағы сертификат табыстады. Олардың арасында «Үздік бригадир» номинациясы бойынша Ж.Досов, Б.Пазылов, «Озат звено» номинациясы бойынша Е.Баймағанбетов пен Т.Алдажұманов, Т.Тоқаев, Ә.Өтегеновтер бар. Сондай-ақ, өнімді бейнет еткен Б.Қойшыбаев, А.Ишанов, М.Тілеулиевтердiң де еңбегі елеусіз қалмады. Озат комбайнер Н.Әділов, Ғ.Бейсенов, Б.Қойшыбаев, тасымалдаушы Б.Пірімжановтар озаттар қатарында аталды. Ал, озат звено жетекшісі А.Қалмановқа жеңіл автокөліктің кілті табысталды.
Иә, бұл табысты еңбек еткен ауыл азаматтарының мерейі асқан күн болды.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.