«Мәңгілік Ел» идеясын ұстанып, алға қарыштаған Қазақстан үшін өнеркәсіпті өркендету – басты міндеттердің бірі. Осы орайда қазақ жастарының осы салаға мамандануы қуанарлық мәселе. Кеңестік жүйеде жергілікті халықты тек ауыл шаруашылығына ғана бейімдеп, өндіріс мәселесі екінші кезекке қойылып, металлургия мен өнеркәсіпке енді қызығушылық танытсақ та, ол саланы игеріп алдық. Талантты жастар жаңа технологияларға бой ұрып, олардың қыр-сырына қаныға бастағаны расында қуанышты жағдай. «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» деп атап көрсетті Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Демек, жоғарыда өзіміз әңгіме еткен өзекті мәселе келер уақытта да күн тәртібінен түспейді деген сөз.
Құпиясы мен қиындығы қатар келетін аталған өнеркәсіп саласына тартылып, біршама уақыт аралығында белгілі жетістікке жеткен жігіттердің бірі – Алмасбек Дүйсенбаев. Ол 2001 жылдан бері «Қазатомөнеркәсібі» АҚ қарасты №6 кен басқармасында еңбек етіп келеді. Осы күрделі саладағы еңбек жолын қатардағы оператордан бастап, ауысым шебері, цех бастығы сатыларынан өтті. Нақты уақытта оңтүстік және солтүстік Қарамұрын кеніштеріне қарайтын бас инженер қызметін атқарады. Күні кеше елімізде кең көлемде мерекеленген Ел Тәуелсіздігі күні Елбасы қол қойған Жарлыққа сәйкес «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл жаңалықты естіген соң, біз де жерлесіміздің қуанышын бөлісуге асықтық.
– Рахмет, рахмет, – деп ағынан жарылды бүгінгі кейіпкеріміз. – Аймағымыздың аға басылымы «Сыр бойы» газеті үнемі оқиға ортасынан тартымды материалдар беріп тұрады. Оның әр санын ата-анам асыға күтеді.
Расында, жақында ғана мемлекеттік марапат алып, мерейі өскен азаматымыздың ата-анасы біздің ескі таныстарымыз болып шықты. Серікбай ұзақ жылдар теміржол саласында қызмет атқарған әулеттің ұрпағы. Оның әкесі Дүйсенбай Сүлейменов «Еңбек Қызыл Ту» орденін иемденген теміржолшы болатын-ды. Өзі де Шиелідегі ПЧ-56 мекемесінде қызмет атқарып, үш-төрт жылдың көлемі болды, зейнеткерлікке шықты. Ал Алмасбектің анасы Жауһар болса, поштада жұмыс жасады. Ол кісі де адал бейнеттің тәтті нанын жеп отырған отанасы. Олардың мерзімді басылымдарды үзбей қарайтындықтары жас кездерінен қалыптасқан әдет екендігіне өзіміздің де көзіміз жетті. Сондықтан да кейіпкеріміздің ақжарма сөзі көңілімізді көтеріп тастағандай.
– Су шаруашылығы мекемесінде жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Аралас-құралас жүрген жігіттер арқылы №6 кен басқармасына жұмысқа шақырылдым. Сол бір шақтарда қаржы тапшылығының белең алып тұрған кезі еді. Жалақымыз қолымызға бірде тиіп, бірде тимей екі ойлы болып жүрген кезіміз, аталған ұсынысқа бірден келісімімді беріп, өндіріс саласына ауыстым, – деді әңгіме тізгінін қолға алған Алмасбек. Осы орайда біздің де есімізге өткен күндердің оқиғасы түсе кеткені. Сол 2000 жылдардың басында Шиелідегі №6 кен басқармасына директорлыққа Бауыржан Ыбыраев келді. Содан бастап, кәсіпорынның бөлім меңгерушісі Мәдіхан Бекжанов екеуі бұрындары жергілікті жұртшылыққа сырын ашпайтын өндіріс орнын БАҚ арқылы кеңінен таныстырып, оған қазақ жастарын жұмысқа тарта бастады. Жас директор спортқа бейім, футболшы жігіт екен, сондықтан да болар, жиі-жиі футбол бәсекелерін өткізіп, кәсіпорынның атын алысқа шығарды. Сол кездері аудан, облыс құрамаларында өнер көрсетіп жүрген спортшы жігіттер кен басқармасының түрлі саласына еркін араласып кетті. Қазақтың «жақсыдан – шарапат», «бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» деген сөзі сонда орынды айтылды-ау деп ойлаймын. Өйткені, бұрындары тек өзге ұлт өкілдерінің мекені болған уран өндіру орны қазақ жастары үшін де осылай есігін айқара ашып еді. Намысшыл азаматтарымыздың нұры тасысын деп сол тарихи уақыттарға куә ретінде арнайы есімдерін атап отырмын. Ыбыраев қазіргі кезде министрлікте лауазымды қызмет атқарса, Бекжанов «СКЗ-Ю» күкірт қышқылы зауытының бас директоры, облыстық мәслихат депутаты.
– Иә, футболдан аудан құрамасының сапында өнер көрсетіп жүрдім ғой, әлі де лауазым таңдамайтын сол спорттан алшақ кетпейміз. Сонымен 6 жыл бойы оператор болып еңбек еттім. Жұмыс істей жүріп, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университетте сырттай білім алдым. Ал 2006 жылы басшылар ауысым шебері қызметіне көтерсе, 2008-2010 жылдары цех бастығы қызметтін атқардым, – деді Алмасбек Серікбайұлы. Міне, өзін жаңа жұмыс орнында жақсы жағынан көрсетіп, алға талпынған азамат биік баспалдақтарға осылай қадам басып келеді. Екі тілді жақсы білетін білімді азамат жаңа технологияларды да жетік меңгере түсіп, өзін лайықты маман екендігін дәлелдей түсті. Кен басқармасының директоры Тайыр Назаров оны 2010 жылы оңтүстік және солтүстік Қарамұрын кеніштеріне басшылық жасайтын бас инженерлік лауазымға тағайындады. Бұл енді үлкен сенім, қазақ жастарының замана талабына сай бейімділігі мен қабілетін айқын аңғартатын қадам еді.
– Жұртшылық кеңінен хабардар, біздегі уран өндіру – жер астында сілті қышқылымен шаймалау арқылы жүзеге асырылатын, айналаға экологиялық залалы жоқ тәсіл. Дегенде, әрбір операцияны жүзеге асыруда технологияны барынша сақтау мен ұқыптылық қажет. Әрбір атқарылған жұмыс сапалы жүргізіліп отырылуы тиіс. Бұл – бізде қызмет істейтін әрбір маман мен цех бастықтарының, өндіріс шеберлерінің жауапты жұмысы. Мәселен, өзіммен бірге осы кәсіпорында қызмет атқаратын әріптестерім – Ғалым Отарбаев, Батыр Кемелов, Берік Тойшыбеков, Айдос Тұрғалдиев және шебер Нұрлан Бакиров, операторлар Төлбасы Алтайбаев, Сабырхан Мұхамедов, Нұрмағанбек Әбуовтер осы талаптан көрініп келеді, – деді Алмасбек Дүйсенбаев.
Қазақстанның қарқынды дамуы барысында сөз басында айтқан едік, еліміз соңғы он жылдың көлемі болды уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығып, топтың алдын бермей келеді. Мұның мемлекеттік маңызы бар шаруа екендігімен қатар экономикамыздың өсуіне айтарлықтай үлесі бар екендігі сөзсіз. Бұл тарапта жас маман Жандос Садырбаев басшылық жасайтын Шиелі ауданындағы № 6 кен басқармасының да қосқан үлесі мол. Кәсіпорын жылма-жыл жоспарлы 1000 тонна уран өндіруді мерзімінде орындау үстінде. Мемлекеттік марапат алған бас инженердің лебізінен де биылғы жылы да сол үдеден шығатындығына сенім бар.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.