МІНӘЖАДИННІҢ МЕРЕЙЛІ МЕЗЕТІ

«Елбасы Жарлығымен кәсіпкер, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеев «Құрмет» орденін иеленіпті. Азаматтың ұзақ жылғы еселі еңбегі ескерілген екен. Өте дұрыс болды!» деген сөздер ауыл арасында қазір желдей есіп тұр. «Қуаныш бөліссең көбейеді» деген қағидамен Мінәжадин Сражадинұлына хабарласып, жүрекжарды тілегімді білдірдім. Қашан көрсең де, ақжарқын қалпынан танбайтын, қалтасына пұл, қорасына мал бітсе, өзін барша адамнан асқақ санайтын кейбір байшыкештерге табиғаты мүлде кереғар Мәкең маған қоса газет ұжымына да шын ниетімен ризашылығын білдірді.
Алтын бесігі – ауылының көркейіп, өркендеуіне қомақты үлес қосып жүрген ел ағасы Мінәжадин Өтеевті аудан, Сыр жұртшылығы жақсы таниды. Оның өмір жолына көз жүгірткен жан кейіпкеріміздің ауыл шаруашылығы саласының тіршілігіне бес саусағындай жетік екендігін мойындар еді.
Сонау кеңес өкіметі кезінде алдымен күріш егетін, кейін мал өсірумен шұғылданатын бірнеше кеңшарда жауапты қызмет атқарып, тәжірибе жинақтады. Өмір атты ұлы керуеннің тосын сыйы таусылған ба?! Мінәжадиннің жалпақ республикаға танымал іргелі де озат шаруашылықта еңбек етуі арада көптеген жыл өте кәдесіне жарайтынын, уақытпен санаспай, тынымсыз атқарған жұмысының нәтижесінде шаруасына мығым, іскер, мал мен егін жайына қанық басшы атанатынын ешкім де топшыламаған еді.
Кеңшардан соң аудандағы салық инспекциясының бөлім бастығы, ҚР Ұлттық Банкі Ленинск бөлімшесінің бас есепшісі қызметін атқарып, есеп-қисаптың қыр-сырын меңгерді. Нарық қоғам өміріне дендеп енгенде Мінәжадин Сражадинұлы кәсіпкерлік жолды таңдады. Жоғарыда айтқан есепшіліктің кәсіпкер ретінде елге танылуына септігі тиді. Арада уақыт өте келе, Мінәжадин «Сыр маржаны» серіктестігін құрды. Қай нәрсені де бастау оңайға соқпайтыны анық. Оның үстіне ісін жаңадан бастаған шаруашылықты төрт аяғына тең тұрғызуға қаншама жігер, білік пен парасат, ұйымдастырушылық қабілет қажет. Ал осы талаптардың баршасы Мінәжадиннің бойынан табылатын еді. «Ізденген жетер – мұратқа». Уақыт ағымына еріп ғана қоймай, оны еркіне бағындыруды мұраттаған Өтеев ақыры көздеген мақсатына жетті. Санаулы жылда Мінәжадин Сражадинұлы басшылық ететін «Сыр маржаны» ЖШС-ның атақ-абыройы аудан асып, облыс көлеміне жайылды. Атына заты сай күріш шаруашылығының нағыз інжу-маржанына айналды.
Ақтан батыр ауылының инвесторы есептелетін серіктестік халықаралық сапа менеджементі жүйесімен жұмыс істейді. Шаруашылық негізінен күріштің «Ақмаржан», «Новатор», «Янтарь» және тағы басқа түрлерін өсірумен айналысады. Алғашқыда 350 гектар жерге күріш егіліп, небәрі 35 жұмысшы-қызметкер жұмыс істеді. Арада өткен жылдармен қатар «Сыр маржаны» да өзінің қабілет-қарымын соны серпінге көтерді. Нақты кезеңде ұжымда көптеген адам еңбек етіп, отбасын асырап жүр. Машина-трактор паркін жаңалау басты назарға алынған. Әсіресе, екінің бірінің қолы жете бермейтін, компьютермен басқарылатын «Класс Тукано 440» комбайны жағымды жаңалық болып тұр. Қашанда күріш егу, егін жинау маусымын, жалпы дала жұмыстарын асқан жауапкершілікпен жүргізетін «Сыр маржаны» серіктестігі еккен күріштің әр гектарынан алатын өнімі көңіл қуантады. Шаруашылық өсірген «Новатор», «Янтарь» сорттары Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Ресейге экспортталуда.
Оған қоса Мінәжадиннің шаруашылығы алыс-жақын шет елдермен барыс-келіс жайын жолға қойған. Мұны іскерік қадамның жемісі десек, жарасымды. Оған дәлел де бар. «Сыр Маржаны» ЖШС Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінен күріштің «Фоварит», Астрахань қаласынан «Новатор» тұқымын алып пайдаланады. Күрішті Оңтүстік Корея технологиясы бойынша өңдейді. Зауытта дәнді дақыл қабылданып, өңделіп, крахмал мен басқа да пайдалы заттарды бойында сақтай отырып, ақтаудың барлық кезеңінен өткізіледі. Серіктестік  тұқым шаруашылығы статусын иеленді. Бұл дайын тұқымды облыс көлемінде сатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен несиені де ұтырлы жүзеге асырады. КС «Қазалы несие» ЖШС арқылы құжаттар дайындап, «Сыр Маржаны» ЖШС қомақты қаржы алды.
Өтеев басқаратын ұжымның мал шаруашылығын өркендетудегі жетістігі де бір төбе. «Шеңгелді» учаскесіндегі мал бордақылау кешенінің аяқалысы жан жадыратады. Алғашқыда 500 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңының қуаты қазір 3 мың басқа жеткізілген. Мұнда ірі қара малы үш ай бойы семіртіліп, бордақыланады. Бұған дейін бірқатар сиыр бордақыланып, тең жартысы сойылып, сатылды. Алдағы уақытта ет консервілеу зауытын ашу бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Жоба толық жүзеге асқанда ет өнімі шетелге экспортқа шығарылады.
Мәкеңді танитындар өздері есімін ілтипатпен атайтын осынау қаршығадай тұлғалы азаматтың биік адамгершілігіне, елгезек мінезіне, қиналған жандарға қол ұшын созуды парызы санайтын имандылық қағидатын тұтынатына қайран қалады. Мінәжадин Сражадинұлының бұған дейін аудандық мәслихаттың қатарынан ІІІ, ІV, V шақырылымдарының депутаты болып сайлануы, облыстық мәслихат депутаты атанып, «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын иеленуі, «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы, енді еліміздің жоғары наградасы – «Құрмет» орденін жарқыратып кеудесіне тағуы – оның өлшеусіз қызметінің өтеуі. Облыстық мәслихат депутаты М.Сражадинұлы жыл сайын халықтың әлеуметтік әлсіз тобына қаржы бөліп, ардагерлер мен балалардың лагерьлерде демалуына демеушілік жасаудан тартынған емес. Өтеев бұл ісін перзенттік парызым деп түсінеді.
– Еңбекті құрметтеуде, мамандық таңдауда жастар нағыз отансүйгіштік сезімдерін танытуы қажет. Оған мемлекетімізде барлық жағдай жасалған. Туған жерге кісілік жүрмейді. Адам өзі туған жерінің қонағы бола алмайды, қызметшісі болуы мүмкін. Сондықтан мен өзімнің туған жеріме кіндігімді байладым, осы жерде өстім, осы жерде көгеремін. Қазалы – менің мысыр шаһарым, мен үшін онан асқан жер жоқ! – дейді М.Өтеев.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
ҚОҒАМ 23 желтоксан 2017 г. 627 0