Үй жағдайындағы пешті пайдалану қауіпсіздігі, көмір қышқыл газымен уланып қалудан, пиротехникалық жарылғыш заттардан аулақ болу өрт оқиғаларынан, адам өміріне төнер қауіптен сақтайды.
Өрт қаупі, денсаулыққа залал келтіруі мүмкін жарылғыш заттар жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде облыстық ТЖД басқарма бастығы, подполковник Руслан Қайрақбаев мәлімдеді.
– Жыл басынан бері 522 өрт оқиғасы орын алды. Материалдық шығын 34 млн теңгеден аса қаржыны құрайды. Өрт оқиғасынан 6 адам қаза болды, оның бірі жас бала, жарақат алғандар саны – 11. Өрт оқиғасының 87-сі автокөліктерде орын алып отыр, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, жылу маусымы басталғалы облыс аумағында 4 түтінге улану фактісі тіркелген. Онда 8 адам зардап шегіп, емдеу орындарына жүгінген. Бүгінде олардың денсаулығы қалыпты жағдайда.
Баспасөз конференциясына қатысқан әкімшілік полициясы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Сәбит Сатқанбай заңсыз пиротехникалық өнім сатушыларымен күрес жүріп жатқанын айтты.
– Мерекелік іс-шаралар кезінде пиротехникалық бұйымдарды, арнайы эффектісі бар ашық отты бөлмелерде қолдануға тыйым салу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. 19 желтоқсаннан бастап 3 қаңтарға дейін рейд жұмыстары жүреді. Бүгінге дейін 2 тұлғаға әкімшілік жаза қолданды, олардан 29 дана пиротехникалық зат тәркіленді. Мектеп инспекторлары арқылы білім ошақтарында пиротехникалық отты ойыншықтарды қолданудың қауіптілігі жайында жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, – деді Сәбит Ханзадаұлы.
Жылу беру маусымында қауіпсіздік шараларын сақтауды, жаңа жыл мерекесіне орай пиротехникалық өнімдерді қолдануда абай болуға шақырған сала мамандары, әр адам өз өміріне жауапты болуы керектігін жете айтты.
Нұрбек САҒАДАТ.