«Асқақ ордам – Астана». Әр өңірде өтетін еліміздің бас шыршасы осылай аталды. Президент шыршасына оқуда озат, өнер мен спортта топ жарып жүрген жас жеткіншектер мен әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан 200 оқушы қатысты. Әрине, Президент шыршасына қатысуды армандамайтын бала жоқ шығар. Себебі, бұл мерекеде жаңажылдық көңіл-күй ерекше сезіледі. Елбасының сыйлығы да табыс етіледі.
– Елбасы шыршасы Астана қаламыздың жиырмажылдығына орай, «Асқақ ордам – Астана» тақырыбында өтеді. Мерекелік шыршаға облыстан 200 бала қатысады. Ал, шыршаның ерекшелігі – балалар өздерінің өнерін көрсететін болады. Соның ішінде «Мәңгілік ел» әнін шырқайды. Сондай-ақ, биыл балалар тек шыршаға қатысып қана қоймай, қаланың көрікті жерлерімен танысты, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.
Иә, алдымен оқушылар қаланың көрікті, мәдени орындарына саяхат жасаудан бастады. Облыстық музейде болды. Жалағаш ауданынан келген Әсел Сағаш 5-сыныпта оқиды. Математика пәнінің мұғалімі болуды армандайтын Әсел ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі бірінші және екінші орындарды иеленген.
– Мектепте жеткен жетістіктерімнің арқасында осы мерекелік шыршаға қатысып отырмын. Әрине, күтпеген қуаныш болды. Біз Жалағаш ауданынан жеті бала келдік. Осы оқушылардың тізімінде болғаныма қуаныштымын. Қаланың көрікті жерлерін аралап, естелік суретке түсіп, достармен таныстық, – деді Әсел.
Қармақшылық оқушы Өмірбек Әбілтаев Ақай ауылынан келген. Жетінші сынып оқушысы үйірмелерге қатысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өмірбек те қаланың мәдени жерлерін аралап, жақсы әсер алғанын жеткізді.
Ауданнан келген оқушылар орталық алаңға барып естелікке суретке түсіп, 410 мыңнан астам кітап қоры оның ішінде 30 мыңға жуық балалар әдебиеті бар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасын аралады.
Шынар БЕКБАН.