Сот жүйесін халыққа қолжетімді ету мақсатында сала жұмысына заманауи ақпараттық технологиялардың енгізілгені белгілі. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында электронды сот төрелігі жүйесі қарқынды дамып келеді. Электронды қызметтердің басты артықшылығы – азаматтарымыздың уақыты мен қаржысын үнемдейді. Сонымен бірге, мемлекетік органдарда қағазбастылық азайып, құжаттарды дайындау және беру мерзімі әлдеқайда қысқартылады. 2014 жылды электронды талап арыздарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы онлайн түрде беру жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ, соттарда «Талдау» форумы, сотқа талап арыз, апелляциялық, кассациялық өтінішхат беру кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуге арналған «Электронды үкіметтің төлем шлюзі», «Төрелік» сот органдарының ақпараттық-талдамалық жүйесі, «Сотқа шақырту қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «Хабарлама бойынша сот құжаттарын көру» сервистері жүзеге асырылуда. Бұл сот шығындарын едәуір қысқарта отырып, процеске қатысушыларды хабарландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді.
«Сот кабинеті» – сот органдарының сервисіне электронды түрде қолжетімді біртұтас терезе. «Сот кабинеті» сервисіне тіркелген әрбір тұлға электронды құжаттарды беру жүйесін пайдаланушы болып саналады. «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі сот өндірісін жеңілдетіп қана қоймай, сот төрелігіне қолжетімділік, ашықтықты қамтиды. Бұл сервис кез-келген тұлғаның уақытын үнемдей отырып, ғаламтор желісі арқылы сотқа талап арыз, өтініш тапсыруға, әрі мемлекеттік баж төлеуге мүмкіндік берді.
«Сот кабинетін» пайдаланудың маңыздылығын, қажеттілігін барынша түсіндіру мақсатында сот мамандары Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, арнайы «Ашық есік күндерін» өткізді. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жұмыстарын жүргізіп, сот саласындағы заманауи жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізуге тырысты. Соның нәтижесінде қазір «Сот кабинеті» сервисі арқылы соттарға электронды құжаттардың түсуі жылдан жылға саны өсуде.
Қазіргі кезде бұл сот жүйесінің сот төрелігін жүзеге асырудың ашықтығы мен жариялылығын қаматамасыз етудің құралдарының бірі болып табылды.
Атап өту керек, Елбасы өзінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс», – деп атап өткен болатын.
Сонымен қатар, Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20-шы қадамына сәйкес, республиканың барлық сот залдары аудио-бейнетіркеу жүйесімен, оның ішінде, бейнебайланыс құрылғыларымен 100 пайызға жабдықталып, нәтижесінде судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар екі есеге қысқарды. Бүгінгі таңда Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәжіліс залы соңғы үлгідегі дыбыс және бейнежазу жүйесімен толықтай жабдықталған.
Осындай жаңа технологияларды енгізу сот қорғауына қолжетімділікті жеңілдетті.
С.УМАРСЕРИКОВА,
Қызылорда облысының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы.