Бүгінгі таңда «Ұлттық кодымызды сақтай алып жүрміз бе!» деген сауал төңірегінде жиі-жиі ойланатын болдық. Мұның өзі негізінен ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды және ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты дәрежеде дамыта білуімізге тығыз байланысты. Қазақ ұлтына тән қасиеттер – қонақжайлылық пен қарапайымдылық, бауырмалдық пен дархандық, мейірмандылық пен мәрттік әу бастан ұлтымызды айшықтайтын еді. Ал қазіргі заманда осы қасиеттерімізді жетілдіріп жүрміз бе? Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да осы көкейтесті мәселеге терең үңіліп, тиянақты іс-шаралар жүргізуге айрықша мән беріп отыр.
Бір ағайынның баласы үйленіп, үлкен мейрамханада дүркіреген той басталды. Көл-көсір дастархан, дабырлаған халық. Әдепкіде әдемі басталған той-думан көпке ұзамай, азан-қазан базарға айналып кетті. Асабаны тыңдап жатқан тірі жан жоқ. Шоғырланған тілек білдірген туыс-жекжаттың лебіздеріне де көңіл бөлген пенде шамалы-ау, шамасы...
... Сәлден соң «Құда балалар жұдырықтасып жатыр» деген бала дауыс шықты. Жапа-тармағай сыртқа тұра жүгірдік. Шындығында да кімнің-кім екенін білу мүмкін емес, қып-қызыл қырғын төбелес. Қыз жағынан келген құда балалар да, біз жағындағылар да төбелеске қызу кіріскен. Өз бауырларымызды шет қақпайлап, жабыла жүріп, әрең ажыраттық.
Мейрамханаға кірген соң құда жағынан келген үлкен кісіге:–Ау, құдеке! Біз де қыз беріп, қыз алып жүрміз. Той – ортақ қуаныш, халық қазынасы. Алайда төбелес шығарудың жөні қалай?–деп сұрадық.
– Е, бізде осындай үрдіс-салт бар. Құдалардың қауқарын, күш-қайратын байқайын деген шығар,– деп кеңк-кеңк күлді құдалардың ақсақалы.
Апыр-ай, мұндай үрдісті бұрын-соңды естіп, біліп көрген де емеспіз. Қазақта бауырмалдық, мейірмандылық деген қасиеттер болушы еді ғой,– деп қайран қалдық.
Қалада көпқабатты үйде тұратын ағайынның жақыны қайтыс болды. Жаназасын шығаруға да уақыт таяп қалған. Кенет көрші подъезден даңғыраған музыка естілді. «Қап, бұл не болды екен?» – деп кісілерді жұмсадық. «Келін түседі, соған дайындалып жатырмыз»–деп жауап қайтарыпты. «Азғана уақыт қоя тұрсын, жаназа шығарып алайық» деп өтініш айттық. Тыңдайтын түрлері көрінбеді. Ақыр соңы сыртқа шығып, музыкаға билей бастады. Қайта-қайта өтініш айтып, үлкендерімізді жіберіп әрең тоқтаттық. Кейінірек сұрастырып көрсек, әлгі келін түсіретін көрші үйдің егесі бізге құда болып шықты.
Жасыратыны жоқ, жастарымыз той-томалақ, ас- құдайыға бара бермейді. Сол себепті туған-туыс, құда-жекжатты танымайды. Бұған тікелей кінәлі өзіміз. Күнделікті кімнің-кім екенін құлағына құйып отырсақ, бей-берекетшілік орын алмас еді. Себебі, аталас келетін қызға үйлене жаздаған бауырларымыз жайлы естігеніміз бар. Жақындығын білмей, өз ағайынының баласын жұдырыққа жыққанын да білгенде жаға ұстадық. Туысқанын үйіне қондырмай, қаладағы қаймана қазақ үйіне апарып, тамақтандырып, ертеңіне автобусқа шығарып салғанын да естіген күніміз болды. Бұл неткен сорақылық? Сонда біздің қазақи қасиетіміз, ұлттық кодымыз қайда қалды?
Иә, тізе берсек мұндай келеңсіздіктер күнделікті кездесіп қалып жүр. Осындай да терең ойға батасыз. Айналып келгенде, қарға тамырлы қазақпыз. Бірімізге-біріміз құда-жекжат, нағашы-жиен, жұрағат, туажат болып келеміз. Ендеше, бір-біріміздің қуанышымыз бен қайғымызды бөлісуге әркез дайын тұруымыз керек. Бағзы заманнан келе жатқан бауырмалдық қасиетімізді жоғалтпайық, ағайын! Өзгелерге күлкі-келемеж болмайық.
Қиын-қыстау кезеңде талай ұлт өкілдерін бауырға басқанбыз. Бір түйір нанды бөлісіп, бір жанұя секілді өмір сүргенбіз. Сол бір қонақжайлылық, бауырмалдық қасиетімізді ұмытпайық. Бір-бірімізді бауыр тұтайық, ағайын!
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.
Тереңөзек кенті.