«Нұр Отан» партиясының жаңадан тағайындалған хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов өңірлерді аралау жұмысын жалғастырды. Апта басында ол Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді.
Алдымен қаланың сол жақ жағалауындағы салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысты. Сондай-ақ, облыстық мекемелер үйінде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытындағы Елбасы, Партия Төрағасы тапсырмаларының орындалуы жөнінде жиын өткізді. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев, мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары және партия активі қатысты.
Одан соң партия хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов өңір жастары және «Жас Отан» жастар қанатының белсенділерімен бейресми кездесу өткізді. Жиынға жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев, «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы Абылайхан Сабанбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының директорлары, жас мәслихат депутаттары қатысты.
Сыр өңіріндегі халықтың 25 пайызы – 14-29 жас аралығындағы жастар. Айта кетейік, жастар саясатын жүзеге асыруға 697 миллионға жуық қаржы бөлінген. Сондай-ақ, 45 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде басқарма арқылы 17 әлеуметтік жоба іске асты. Бөлінген қаржыдан тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларға қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру үшін 3214 студентке 109 миллионға жуық қаржы бөлінген. Облыста жастар саясатының индустриалды даму деңгейі қалыптасқан. Оған облыстағы 9 жастар ресурстық орталығы дәлел. Орталықтарда 98 маман бар. Ірі кәсіпорындар мен компаниялар – 14, жоғары және арнаулы оқу орындарында – 21, жастар жөніндегі комитетте, әрбір ауылдық округтерде жастармен жұмыс істейтін 149 жас маман бар. Олар жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ мәселені шешуге атсалысуда.
Кездесуде Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев жастар саясатында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Ұлыбританияның жастар ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлерінің қатысуымен «Жастар ресурстық орталығы» мамандарын 2 жыл бойы оқудан өткіздік. Облыстық жастар ресурстық орталығына күрделі жөндеу жүргіздік, онда жастарға пайдасы тиетін спорттық алаң жұмыс істейді, ағылшын курсы және психолог маманмен қамтылған. Атқарылған жұмыс нәтижесінде жастардың жұмыссыздығы азайды. Жаңадан бой көтеретін «Жастар ресурстық орталығында» жастарды дамытудағы арнайы қызметтерді іске қосу жоспарда бар. Маусым, мамыр айларында пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді ол.
Партия хатшысы мемлекет және партия тарапынан жастарға деген қамқорлықтың зор екенін айтып, «Мәңгілік ел» болу жолындағы жастардың рөліне тоқталды. Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда жастар қозғаушы болуы керегін айтты.
Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапарын қорытындылай келе, Партия хатшысы Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округі тынысымен танысып, тұрғындар тілегін тыңдады.
Шынар БЕКБАН.