Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында облыстық соттың ұйымдастыруымен «Қазақ қоғамындағы билер соты төрелігінің заманауи сот жүйесінде жүзеге асуы» атты тақырыпта ғылыми конференция өтті. Оған жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылар, сот жүйесі қызметкерлері, мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және студенттер қатысты.
Конференцияны Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев ашып, шараның маңыздылығы жайында кеңінен айтып берді.
Мұнан кейін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасады. Елбасының мақаласында ХХІ ғасырдағы ұлттық сана, бәсекелестік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы жайында айтылған. Тақырып төңірегінде ойын терең жеткізген баяндамашы ұлттық құндылықтарымыз бен отбасының қоғамдағы рөлі, беріктігі жайын қозғады. Сонымен бірге «Болашақ» университетінің проректоры Мария Жомартқызы «Ұлы дала билерінің қазақ қоғамының билігіндегі орны мен рөлі» тақырыбындағы хабарламасын көпшілікке ұсынып, талқылады. Мұнда ол сот жүйесінің сонау ерте кезеңде қалыптасқанын, тарихта белгілі би, шешендер мен көсемдерден бастау алатынын жеткізді. Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бастап, онда қолданылған заң турасында мысалдар келтіре кетті. Мұнан кейін қалалық №2 сотының судьясы Күмісбай Қосекеев «Билер соты төрелігін бітімге келтіру бойынша озық тәжірибелерінің сот жүйесінде жүзеге асуы» жайын сөз етті. Баяндамашы медиация заңының бүгінде қайта жанданып, екі жақтың бітімгершілікке келіп, қол алысып тарқасып жатқанын тілге тиек етті. Жалпы, медиацияны, қарапайым тілмен айтқанда, бітімгершілік деп түсінуге болады. Белгілі бір мәселе бойынша келіспеушілік, дау туындаған жағдайда жеке немесе заңды тұлғалар, оны соттан тыс, өзара келісім жағдайда шеше алады. Бұл бізге таңсық емес деді Күмісбай Қосекеев. Ата-бабамыз кезінде дауласқан екі жақты бидің әділ шешімі арқылы реттеп отырған. Соның нәтижесінде ағайынның, қазақ елінің арасында бірлік пен ынтымақ салтанат құрып келеді. Бұл жайында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында салт-дәстүр, әдеп-ғұрып жайы да көрсетілген.
Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ аға оқытушысы Ақзада Мадалиева «Қазақ қоғамындағы билер – сот төрелігінің құндылығы» тақырыбында баяндама жасады. Хабарламашы атақты заңгер, академик С. Зимановтың зерттеуіне көз жүгіртіп өтті. «Онда ерте және кейінгі жазба деректерге қарағанда ұлттық және аймақтық әділ сот тарихына енген билер саны жүзден астам. Ол билердің ішінде заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасырының» дәстүрлерін ғасырдан-ғасырға жеткізіп, сақтаған және оны әркез насихаттап отырған билер көп болған деді. Мәселен, белгілі үш биден бөлек, Майқы би, Аяз би, Едіге би, Тіленші би, Сырым би, Саққұлақ би, Бала би секілді өзге де есімі елге белгілі билер өмір сүргенін, олардың Ұлы Далаға әйгілі болғанын баян етті.
Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ аға оқытушысы Болат Боранбай «Латын қарпі негізінде қазақ жазуын реформалаудың маңызы» тақырыбында дайындалған хабарламасында латынға көшуде терең мән бар екенін түсіндірді.
Сара АДАЙБАЕВА.