« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгінгі күні саяси сипаты мәнді, халықты елең еткізіп, ескінің жаңғыруы негізінде жаңа бастамаға бағыттайтын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының астары адамдарды біріктіріп, рухани қатынаста әрекет етуге меңзейді.
Әлеуметтік өркендеудің жаңа жағдайында еліміз тәуелсіз мемлекет жолымен нық басып келе жатыр. Ендігі мақсат қоғамның басты мәселелерінің бірі адамзат санасының рухани жаңғыруын жүзеге асыру болып табылады. Рухани жаңғыру еліміздің әрбір азаматының жан дүниесінің сипатына негізделеді. Тұлғаның рухани әрекет етуге қабілеттілігін бірнеше жағдайларға сүйеніп тұжырымдауға болады. Бірінші жағдай – бұл ерік күші. Ерік күші – алға қойылған мақсатқа жету жолында туындайтын елеулi қиындықтарды жеңу қабiлетiнен көрiнетiн адамзат сапасы. Мақсатқа жету жолында жеңген кедергi, бөгеттер неғұрлым күштi болса, соғұрлым ерiк күшi мықты болады. Біздің мемлекетіміз мақсаты айқын елдердің қатарында. Себебі, осы кезеңге дейін халқымыздың басынан қаншама зұлмат заман өтсе де, елін, жерін, ұрпағын және салт-дәстүрін сақтап қалды.
Екінші жағдай – ержүректік немесе батылдық. Батылдық мақсатты таңдау мен оған жету жолын анықтаудың шапшаңдығы мен ақылға сайлығынан көрiнетiн жеке адамның сапасы. Батыл адам өз әрекет мақсаттары мен оларға жету тәсiлдерiн жан-жақты және терең ойлап, қабылданатын шешiмнiң маңызын түсiнiп, олардың мүмкiн болар нәтижесi жөнiнде өзiне-өзi есеп берiп отырады. Осы орайда, Елбасының ел игілігі үшін батыл бастамалар мен ұтымды шешімдерді анық та айқын жүзеге асырып отырғандығын атап өткен жөн.
Үшінші жағдай – белсенділік болып табылады. Белсенділік адамды іс-әрекетке итермелеуші ішкі күш. Еліміздің әрбір азаматы өзінің ұрпағы үшін шынайы патриоттық сезіммен мемлекетіміздегі жасампаздық бастамаларға үлесін қосуға міндеттімін деп сезінген жағдайда ғана қоғам игілігі үшін әрекет етері сөзсіз. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы күш-жігерін, әлеуетін туған жерінің игілігі үшін жұмсауға белсенді болуы маңызды.
Жалпы, руханилық дегеніміз не деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Руханилық – бұл адам әрекетінің жоғары құндылықтарға айналуы болып табылады. Бұл дегеніміз – адам мұратына, ұдайы өзін жетілдіруге саналы түрде ұмтылуы. Қазіргі қоғамда адамның құнды сапаларының бірі оның руханилығы болып табылады. Сонымен қатар, адамның өзіндік жетілуі және өзіндік дамуының түрлері мен әдістері, адамзаттың өмірлік әрекеті руханилық сипатын ашады.
Шын мәнісінде, руханилықтың бір көрінісіне қоршаған әлемді тану мәдениеті және өзін-өзі тануы жатады. Міне, Елбасының рухани жаңғыруды болашаққа бағдарлауының мәні осында болар. Мемлекет басшысы еліміздің дамыған зайырлы мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін қаншама реформаларды және аталған бағдарламалық мақаласын ұсынып отыр. Өзін түсінген тұлғаның санасы ашық болары сөзсіз.
Қазіргі таңда жаһандану жағдайы мен мемлекеттік саясат өскелең ұрпақ бойында рухани құндылықтарды дамытуды көздейді. Бәрінен де маңыздысы осы. Себебі, рухани бай адам еліктемейді, бәрін ақылмен ойлап, қажеттісін ғана бойына дарытады.
Рухы жоғары адам тіршіліктің қиыншылығымен тұйықталынып қалмай, өзгенің адамгершілігін құрметтеп, оған ілтипатпен қарап, көмектесуге бейім болады. Адамның рухани сұлулығының басты белгісі – адамгершілік. Оған қайырымдылықпен бірге басқаның қайғысына ортақтасу, шыншылдық, адалдық сияқты жалпы адам баласына тән жақсы қасиеттер жатады.
Руханилық – жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткіші. Оның негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады.
Елбасының ұлттық сананы басты назарға алуының терең психологиялық мәні бар десек, қателеспеген болар едік. Мұның себебі, адамзатты табиғаттың өзге тіршілік иесінен ерекшелейтін қасиеті санасының болуы болып табылады. Сананы қалыптастыратын біздің тұрмыс-тіршілігіміз, тіліміз және дініміз екені белгілі. Сондықтан, өзге елдермен тереземіз теңелуі үшін ең алдымен өзіндік санамызды, ұлттық санамызды және қоғамдық санамызды дамыту маңызды.
Бәсекеге қабілеттік бағыты еліміздің әрбір азаматын жасампаздық әрекеттерге, прагматикалық бағыты бар дүниеге ыждағаттылықпен қарап, болашағыңды нақты құруға бағыттайды. Ал, қанымызға сіңген қасиеттерімізді сақтай отырып, әлемнің этностық көрінісін жаңа сипатта жасауды ұлттық бірегейлік бағыт меңзейді.
Білімді азамат сенімді әрекеттерге дайын болатыны анық. Елбасы ұсынған бағыттардың бірі білімнің салтанат құруы болып табылады. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы бағытында төңкеріс жасау ғасыр бойы жалғасын табатынын айта отырып, өрлеу мен өркендеу жолында болудың маңыздылығын айқындайды. Сананың ашықтығы бағыты бізге жаңаша ойлауға, оны бойымызға, әрине, ұлттық тұрпатымызды сақтай отырып, сіңіруді көздейді.
Жоғарыдағы айтылған мәселелерге орай ойымызды түйіндейтін болсақ, рухани даму дегеніміз – өмірде өзінің орны мен жауапкершілігін түсініп, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу. Ал, адамзаттың жан дүниесін мекен еткен руханилықтың жаңғыруы оның айнасы болары сөзсіз.
Алмагүл АЯҒАНОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ, педагогика және
психология кафедрасының қауымдастырылған
профессоры м.а.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |