РУХАНИ ҚАЗЫНА

Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді. Осы ретте «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өткенді жөн санап отырмыз. Жыл басында аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылып, құнды кітаптарды, картиналарды, тарихи құжаттарды, материалдық мәдени заттарды ерікті түрде табыстау бойынша акциялар өткізіліп, тарихи мәліметтермен көне жәдігерлер жинақталуда. Ауданымыздың тарихи киелі жерлерін кеңінен насихаттау мақсатында саяхат, экспедициялардың кестесі әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілді. Қасиетті жерлердің мәдени-географиялық белдеулерінің толық тізбегі қайта жаңартылып, тарихи деректері толықтырылды. Рухани құндылықтар мен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында мұражайлар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінде туған жердің тарихын оқыту жұмыстары жүргізілуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыты ретінде бұл жұмыстарды жүргізуде өңірімізде ауқымды шаралар атқарылуда. Атап өтер болсақ, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Шахмардан Есеновтің 90 жылдық мерейтойына арналған ірі көлемді іс-шаралар өтті. Тартоғай ауылында ғалымның бюсті орнатылып, мұражайы ашылды. Сонымен бірге, ауыл іргесінен ауылдық мәдениет үйінің іргетасы қаланды. Сұлутөбе ауылдық округінде жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевпен кездесу өтті. Облыстың бас ақыны атанған Махамбетқали Тұрсановпен және Әлшекейдің күйлерін насихаттаушы Тынысбек Дүйсебековпен аудан жастарының кездесуі ұйымдастырылды. Жөлек ауылында «Тағылымы мол тарихи өлке» атты ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, «Сырдың сырлы Жөлегі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Киелілер ордасы саналатын «Оқшы ата» «Қазақстанның киелі жерлерінің» тізіміне енді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы күнде де жалғасатын болады.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

ҚОҒАМ 12 желтоксан 2017 г. 717 0