Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патроиотизмнің маңызды көрінісі» деген болатын.
Адам баласына өзінің туған жерінен артық мекен жоқ. Әрбіріміздің адами болмысымызды қалыптастырып, тұлға қылып түлеткен ұямыз да, қайта айналып қонатын алтын тұғырымыз да- туған жеріміз. Сондықтан әр адамның өзі туған топырағынан байланған туған жеріне деген перзенттік парызы бар. Шалғайда жүрген әрбірімізге тілекші болып отыратын туған жерге тағзым ету біздің азаматтық міндетіміз. Республика бойынша бастау алған «Туған жерге тағзым!» шарасы Жалағаш ауданындағы Мөрәлі Шәменов ауылында да өз жалғасын тапты.
Бүгін М.Шәменов ауылында туған жерден түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр қиырында абыроймен қызмет атқарып жүрген жерлестеріміздің қатысуымен «Туған жерге тағзым!» акциясы өткізілді.
«Өлі риза болмай, тірі байымас!» - дегендей ауылымыздағыҰлы Отан соғысының ардагерлерінің тағзым алаңына, №34 орта мектебімізге аты берілген қоғам қайраткері Ә.Бердаулетовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, аруақтарға тағзым етіліп, әруақтарға құран бағышталып, сонан соң еңбек ардагері, көп балалы ана Алтынай әженің ақ батасынан бастау алды.
Әрі қарай 1954 -1994 жылғы түлектер жылнама бойынша ортаға құрметпен шақырылып, мәртебелі меймандарды қарсы алатын акт залына отырғызылды. Шара концерттік бағдарлама арқылы жалғасын тауып, «МЕГА АГРО» ЖШС директоры К.Еспанов, Халықаралық қазақ тілі қоғамының Жалағаш аудандық ұйымының төрайымы Д.Мейірманова, Мархабат апайлар мен ауыл ақсақалы С.Құланбаев, Бірнеше жыл мектеп директоры болған, ардагеріміз Т.Сарсенбаева,ауылдық мәдениет үйінің басшысы Г.Ералиева бастаған ауылымыздың «Асыл ана» әжелер ансамблі секілді құрметті қонақтарға сөз берілді.
Осындай игі нәтижелер өздері оқыған №34 Ә.Бердәулетов атындағы орта мектептен, яғни Мөрәлі Шәменов атындағы ауылдың білім ордасынан шыққан мақтанышпен айта аламыз!
Яғни, олар сіздердің іні – қарындастарыңыз, сіздің балаларыңыз, т.б Олар өзінің мектебінің, туған жерінің атын биікке көтеріп отыр. Олар туған елдің шын тұлпарлары, патриоттары!
Бұл акцияға алтын ұя мектебіміздің 1954-1994 жылғы түлектері қатысып, балалық шақтарының бал дәуренді сәттеріненсағынышты естеліктерін ерекше толқумен сағына еске алып, өздерінің мектебіне,ұстаздарына деген жылы лебіздерін білдіріп, акцияға теңізге тамшы секілді өз үлестерін қосты.
Мектеп түлектері Аяғанов Нариман, Көшекбаева Айнұр, Аймаханова Назира өз отбасы есебінен қаржылай үлес қосса, мектебіміздің тағы бір түлегі Бегалиев Маулен спорттық доптарды сыйға тартты. «МЕГА АГРО» ЖСШ директоры Еспанов Манарбек ағай мен Еспанов Каналбек ағайлар мектепке музыкалық аппарат алуға 300000 мың көлемінде ақшалай көмек берді. Ал жерлесіміз осы мектептің түлегі бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Мәжілісінде қызмет атқарып жүрген Мусаев Талғатта аталмыш шарадан қалыс қалмай шақыруымызды қабыл алып, 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен ауылымыздың атын республикаға, облысқа, ауданға танытып жүрген үздік оқыған, білімді, шығармашыл өнерлі, спортшы оқушыларды арнайы комиссия құрып анықтап, оларға 100000 теңге көлемінде «Түмен әулие» атындағы арнайы ақшалай жүлде тағайындап, бөліп беретіндігін жеткізді.Сонымен қатар Баженов Тынымбай ағай мен Әбішов Дәурен Серікұлы да өз үлесін қосатынын айтты.
«Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында түскен қаржыларға мектеп қажеттілігіне қажетті заттар алу жоспарлануда. Бұл күн – мектеп тарихында, мектеп түлектері есінде мәңгі өшпесі анық. Бүгінгі күні түрлі мамандық иелері, ел азаматтары, ел ағалары болған, мектебімізден әр жыл сайын қанаттанып ұшқан, бүгінгі дәстүрлі кездесуге, аяулы мектебімен қауышуға жүректері алып ұшып келіп отырған мектеп түлектері кешіміздің өздеріне арналғандығына дән ризашылық сезімдерін білдірді.
«Туған елге тағзым ету парызым, туған жерге қызмет ету қарызым!» - дейтін жомарт жандар үшін игі бастама болғалы тұр. «Туған жер – тұғырың!» дейді тағы халық даналығы. Жалпы, туған жер туралы, оның қадір – қасиеті жайында айтып тауыса алмастай боласың. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл!» демекші осы жылғы шараны да мектебіміздің көркеюіне септігі тиетіндей игі бастамалардан бастағанымыз жөн.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Елді одан әрі дамыту тек білімді, дамыған және мәдениетті жастардың қолында» деген болатын. Біз, жалынды жастар ерік – жігерімізбен осы шараға атсалыссақ, оған ауданымыздың абзал, жанашыр азаматтары керісінше қолдау көрсетіп, көмегін бермесе,бізге тоқтау қоймасы анық?
Мен бүгін осы «Туған жерге тағзым!» акциясын ұйымдастырушылар аудан, ауыл әкімшілігіне, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Е.Құрманбаева апай бастаған ұжымға, Алтынай әже мен Сағынәлі әке бастаған ауыл ардагерлеріне,мектеп ұжымына, мектеп әкімшілігіне, мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы К.Ысқаққа,мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңеске, «МЕГА АГРО» ЖСШ директоры Еспанов Манарбек ағай мен Еспанов Каналбек ағайлар басқарған ұжымға,акцияға қатысушыларға,мектептің 1954-1994 жылғы түлектеріне, ауылдық мәдениет үйінің басшысы Г.Ералиева бастаған ауылымыздың «Асыл ана» әжелер ансамбліне, музыкалық сәлемдемелерін жолдаған өнерпаздарға алғысымыз шексіз екендігін айтқым келеді!
Мусаева Сабира Қостайқызы.
Ә.Бердаулетов атындағы №34 орта мектебінің директоры.
Жалағаш ауданы, М.Шаменов ауылы.