ДІН ЖӘНЕ ЖАСТАР

Қазақстан Республика­сын­­да­ғы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс- қимыл жөніндегі 2013-2017 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­лама аясында жастардың рухани таным деңгейін арттырып, патриоттық сезімін қалып­тастыру мақсатында қаладағы И.Әбдікәрімов атындағы аграр­лық-техникалық колледжінде арнаулы орта оқу орын­дарындағы қыздар клубтарымен кездесу болып өтті.
«Зайырлы Қазақстандағы қыз баланың рухани бейнесі» тақыры­бындағы шараны облыстық ішкі саясат басқармасының діни ахуалға мониторинг және талдау бөлімінің әдіскері Ардана Нағашыбекқызы жүргізіп отырды. Тақырып төңірегінде алғашқы сөз кезегін алған облыстық ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Аралбек Боранбаев жалпы қоғамдағы діни ахуал жайлы айта келіп, жастарға жат ағымдардың арбауына түсіп қалудан сақ болу қажеттігін атап өтті. Әсіресе, ғаламтор желісінде діни бағыттағы сауалдар жөнінде ізденуден, талқылаудан абай болуға, есесіне өздерін толғандыратын жайттарды «Дін мәселелерін зерттеу орталығына» хабарласып, шешуге болатынын назарға ұсынды.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы, «Қыз Жібек» қыздар клубының жетекшісі Назира Аймаханова тақырып аясында өз ойымен бөлісіп, қыздар клубының жұмысынан хабардар етті. Қыз балаға лайықты ұлттық тәлім-тәрбие бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде кең ауқымды әңгімелеп берді.
«Қоғамдағы қыз бала тәрбиесі» тақырыбында № 257 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Майра Қойшыбаева ұстаздық тұрғыдағы тәжірибесін ортаға салып, жалпы Ислам дінінің қазақ халқының отбасылық тәрбиесіндегі ықпалы жөнінде айтып өтті. Сондай-ақ, «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсара Әбдіхалықова «Жас­тар және руханият», «Нұр» мешітінің әйелдер-қыздар жамағатының ұстазы Индира Елубаева «Салт-дәстүр және дәстүрлі Ислам», Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Лаура Орынбаева «Зайырлы Қазақстандағы қыз баланың рухани бейнесі» тақы­рыптарында баяндама жасап, қатысу­шылардың сауалына жауап берді.
Шараның тақырыбына сай бейнероликтер көрсетіліп, жастардың, оның ішінде, қыз балалардың жат ағымдардың ықпалынан қорғануы жайлы әңгіме өрбіді. Қорыта айтқанда, жастар үшін ең бастысы, сапалы білім алып, қоғамдағы өз орнын айқындап, елге адал қызмет ету екені айтылды.

Ғ. ӘБІЛДА.
ҚОҒАМ 12 желтоксан 2017 г. 661 0