АУЫЛҒА МОЛШЫЛЫҚ ӘКЕЛГЕН АРНА

«Елу жылда – ел жаңа» деп дана бабаларымыз айтқандай, Іңкәрдария ауылының елу жылдық еңселі тойы үстінде өткенге көз сала отырып, елмен бірге өзім куәсі болған оқиғаларды еске алып қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.
Ел өміріндегі өзгерістермен бірге Іңкәр ауылы да 1990-2000 жылдардағы өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын басынан кешірді. Тіршілігін тек мал шаруашылығымен байланыстырған ауылға егін шаруашылығына бет бұру өте ауыр соқты. Нарық қыспағы қолда бар малды шаруашылық жүргізу шығындарына жұмсауға мәжбүр етті. Сол жылдары аудан басшылығында болған А.Божанова Іңкәрдарияны тығырықтан алып шығуға қолдан келген көмегін аямады. 1993-1997 жылдардағы егін шаруашылығына бетбұрыс жасау жолдары аяқсу тапшылығынан тығырыққа тірелді. Содан кейінгі жылдар ауылдан 30-дың үстінде отбасы қоныс аударып, бұзып алынған үйлердің орны үңірейіп, берекесі кете бастады.
Елімізде болашағы жоқ елді мекендерді тіршілік көзі бар жерлерге көшіру мәселесі кеңінен талқыланып, пилоттық жобаларға ұсыныстар беріледі. Осы мәселемен айналысатын комиссия қарауында Іңкәрдария ауылы да бар еді.
Бұл кезеңде аудан басшысы қызметіне келген Әріп Биті­леуұлы мәселені бірден назарға алды. Ауданның кү­ріш егісімен айналысатын шаруашылықтарына кезінде мал шаруашылығына бейімделген Айдарлы, Амангелді, Ің­кәрдария ауылдарының халқын жұмыспен қамтуды ұйым­дастырып, егін шаруашылығын жандандыра бастады.
Аудан әкімі инвесторларды да елдің қиын жағдайына көмектесуге келістіріп, Іңкәрдария ауылының шаруашылығын Ақжарма ЖШС-ның бөлімшесі ретінде жұмыс істеуіне жол ашты. 2000 жылдың басында аудан басшысы Іңкәрдария ауылына арнайы Ақжарма ЖШС-ның директоры Тұрмахан Араповты ертіп келіп, елге жаңадан жасақталатын бөлімше басшысы ретінде тәжірибелі маман, жер-судың жағдайын білетін Жарқынбек Асылбековты таныстырып, нарық қиыншылығына төтеп бере алмай отырған елдің ертеңі тек шаруашылық арқылы жөнделетінін баса айтты. Бұл уақытта бұрынғы шаруашылықтан ештеңе де қалмаған, азды-көпті техникасы қарыздарының есебіне беріліп кеткен еді.
Елдің еңсесін көтеріп алуды мақсат еткен аудан әкімі алғашқы жұмысты елдің жеке егістік жерін дайындап беруден бастауды тапсырды. Бақшалық жерлерін ашып, арық-жаптарын дайындап беруге Ақжарма шаруашылығы тарапынан техникалар жанар-жағармайларымен бөлінді. Тығырыққа тіреліп отырған ел үшін бұл үлкен көмек болды. Жаңадария арнасынан Ақтам каналы арқылы келетін азды-көпті суға ел егінін орналастырып марқайып қалды. Ерте көктемнен тұрғындардың жеке егісінің мәселесін шешкеннен кейін шаруашылық негізгі егіске кірісіп, 300 гектар жерге күріш екті. Жұмыссыз отырған 30 шақты ауыл азаматы жұмысқа орналасты.
Елдің ертеңіне деген жанашырлық аудан басшысы Әріп Битілеуұлын қатты мазалағаны рас. Жаз ортасында мені қабылдауға шақырып: – Қасым, мен мәселені мұндай күрделі деп ойлаған жоқ едім, бұл қалай болды, аяқсуын шешіп бермесек, инвестордың келесі жылы егін егуге баруы екіталай. Ойлан, ел азаматтарымен ақылдас, су келтірудің қандай жолдары бар? – деді.
Шыны керек 10-15 жыл техника саласында жұмыс істеген уақытымда мені жаз айларында егістік үшін су айдайтын 15-ке жуық насосты орнату мен оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қатты шаршататын. Сол уақыттарда осы Аңламас каналының арнасын қаздыру менің ойыма ұялап қалған мәселе еді. Жаз айларында Жаңадария арнасына тек санитарлық су берілетін. Ауыл тұрғындарының жеке егістеріне су деңгейін көтеру үшін Ақтам тоспасы мен 42-ші бекет тоспасы толық жабылатын. Сол кездері 42-ші бекет алдына жиналған судың деңгейі Жаңадария бойының Тұрсынбай тамы аталатын тұсына баратын. 42-ші бекет алдынан Алшынбай каналы арқылы Қарақасқа алқабы суландырылатын. Менің ойым осы арадағы салыстырмалық деңгейден туған еді.
Басшының ел ертеңіне деген терең ықыласы мен жанашырлығына риза болып, өзімді мазалап жүрген ойымды жеткіздім. Шешінген судан тайынбас деген. Тәуекел, елдің де несібесі бар шығар, ұсыныстарды қағазға түсіріп дайындаңдар, – деді ол.
Көзі ашық тәжірибелі су мамандары сол кездегі шаруашылық басшысы Асылбеков Жарқынбек, Кенбаев Амангелді, Жүгінісов Алпысбаймен ақылдаса келе, ертеректе ел ағалары қолға алған Аңламас каналының арнасына зерттеу жүргізілді. Ауыл азаматтарымен бірге Аңламас каналының сағасынан Бодық қыстауы алқабына дейін канал арнасын жаяу өлшеп өттік. Тәжірибелі маман, шаруашылық агрономы Жүгінісов Алпысбай ағайдың жұмыс көлеміне жасаған есептеулерін арнайы қағазға түсіріп, жобамызды аудан әкіміне тапсырдық.
Сол кезде осы арнаны пайдалану туралы ойымызды мақұлдаған белгілі су маманы, Жаңадария арнасының жанашыры Ерназаров Жорабекке облыстық су шаруашылығының басшысы Құтжанов Әбдіманап ағамыз «Жорабек-ау, Шіркейліге су жеткізе алмай жүргенімізде, Аңламасқа қайдан су тауып береміз» дегені әлі есімде.
2000 жылдары экономикалық жағдай әлі де қиын кез ғой. Аңламас арнасының мәселесімен Әрекең талай басшының алдына барды. Елдің қамы үшін тер төккені қаперден кеткен жоқ. 2001 жылдың табиғатты реттеу бағдарламасының жобасын қараған көшпелі жиында Әрекең маған ұсынысты дәлелдеп шығуды тапсырды. Өйткені жиынға облыс басшысының өзі қатысатын болды.
Ұсынысты тыңдаған, облыс басшысы: – Жаңа бір ауыл әкімі жолды асфальттауға қаржы сұрады. Бұл кеңшілік уақытта істелетін жұмыс қой. Қазір мектептерде көмір жоқ, әлеуметтік саланың өзіне қаржы тауып бере алмай отырмыз. Ал құмның ортасынан канал қазу оңай шаруа емес, – деді.
Араға әкім араласып, елді мекеннің болашағы да, тіршілігі де осы арнаның мәселесіне тіреліп тұрғанын айтты. «Ауданға бір жобаға қаражат берсеңіз, осы Аңламас жобасына беріңіз», – деп өтініш тастады. Бұл мәселе оң шешімін тапқан еді.
Әне-міне дегенше 2001 жылдың егіс науқаны да жақындады. Егіс науқанына су жеткізу мәселесін шешу­ді міндетіне алған Әріп Битілеуұлы Шапағат ЖШС бас­шылығынан өткен егіс жылының көлемін кемітпей, егіс егуді сұрады. Ақыры, Аңламас жобасына 2,6 млн теңге қаржы бөлініп, жобаны іске асыруға мүмкіндік туды.
Қазу жұмыстары Аңламас каналының 7,5 шақы­ры­мында орналасқан екі өткізгішті тоспа алдынан канал сағасына қарай жүргізілді. Тоспа алдынан 0,7 метр тереңдікте басталған деңгей канал сағасында 1,7-2 метр тереңдікке дейін қазылуы тиіс болды. Мамыр айының 26 күні су жығылып, 28 мамырда 24 шақырым жерді кесіп өтіп, Бодық қыстауы маңындағы егіске келіп су құла­ғанын көргенімізде иығымыздан жүк түскендей болды.
Шаруашылықтың аяқ суға деген қажеттілігі толық ше­шіліп, Аңламас каналының бойынан іңкәрдария­лық­­­тармен қатар Шіркейлі, Қоғалыкөл елді мекендерінің ажары кіре бастады. Басшы ауыл бейнесіне, әлеуметтік сала­лар­дың жұмысына ерекше ықылас қойып аудан, облыс орталықтарынан шалғайлығы мен қиыншылығын ес­керіп, қанша қиын болса да қол ұшын созуды ұмытқан емес.
Тозығы жетіп тұрған ауыз су желісін шетінен жаңалауға және көзі біте бастаған су ұңғымасын тазалатуға, мектеп үйінің төбесін шатырлатып, жылу жүйесін қайта жаңғыртуға қаржы бөлді.
Кезінде кенжелеп қалған шаруашылық 2001 жылдан бастап осы кезге дейін тұрақты жұмыс істеп, ауыл аза­маттары жұмыспен қамтылып келсе, екінші жағынан тұр­ғындардың жеке егісін дамытуға жол ашылды. Бүгін­де Жаңадария арнасынан су алатын Аңламас, Ақтам ка­­нал­­дары бойына 1000 гектар шамасында егін егіліп келеді.
Елдің қазіргі тіршілігінің бастауы болған Аңламас каналының арнасын қаздырып, шаруашылығын аяғына тұрғызуға тер төккен сол кездегі аудан басшысы болған Әріп Битілеуұлының еңбегін ауыл ағалары әлі күнге дейін ықыласпен айтып отырады.

Қасым ШӘУКЕНБАЕВ,
еңбек ардагері.
Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылы.
ҚОҒАМ 12 желтоксан 2017 г. 629 0