Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Astana Music Hall кешенінде Қайырымдылық ұйымдары өкілдері мен донорлардың республикалық форумы өтті.
Барлығы 200-ге жуық қайырымгерлер қатысқан форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясының қорытындысы шығарылып, қайырымдылықты дамытудың және «Туған жер» бағдарламасын іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Одан басқа, іс-шара аясында биылғы жылы Мемлекет басшысы азаматтардың меценаттық және қайырымгерлік қызметті дамытудағы еңбегін көпке таныту және ынталандыру үшін тағайындаған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісі тұңғыш рет салтанатты түрде тапсырылды.
Қызылорда облысынан 4 меценат форумға қатысты. Атап айтсақ, «Ел Арай» қайырымдылық қорының директоры Асхат Байдаулетов, «Alef trade» ЖШС директоры Венера Гафурова, «Т-Т Құрылыс-Сервис» ЖШС директоры Темір Бисембаев, «Ақжарма 2» ШҚ төрағасы Марат Бисенов Алғыс хатпен марапатталды. Ал, Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі, меценат Венера Гафурова «Жомарт жан» төсбелгісін иеленді.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі