ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ – ОЗЫҚ ЖАЗУ ҮЛГІСІ

Латын графикасы ең ежелгі әліпбилердің бірінен саналады. Оның британдық нұсқасының өзі екі жарым ғасырлық тарихты қамтиды екен. Бүгінгі таңда сол озық үлгідегі нұсқаның көптеген мемлекеттердің жазу жүйесіне айналып отырғанын көріп отырмыз. Ғаламдық жаһандану үдерістерінде бұл әліпбиге деген көзқарас жаңа сипат ала түсуде. Компьютер технологияларының жедел қарқынмен дамуы латын графикасының көкжиегін барынша кеңейтіп, оны заманауи инновациялық идеялардың нық ұстынына айналдыра түсті.
Латын жазуы қазақ халқы үшін ойда жоқта ашылған жаңалық емес. 1929-41 жылдар аралығында Қазақстандағы барлық басылымдардың латын қарпімен шыға¬рылғандығы белгілі. Кириллица, одан соң арабтық төте жазу нұсқасымен жазу-сызу қызметтерін атқарған қалам¬герлерге латын графикасын меңгеру көп аса қиындық тудырмаған тәрізді.
Қармақшы аудандық газетінің алғашқы саны «Екпінді» деген атаумен 1932 жылдың 12 сәуірінде латын қарпімен жарық көрді. Басылымның алғашқы редакторларының бірі, әкем Сахи Жарылқасыновтың бір айтқан әңгімесі есімде. Ол былай деген еді: «Жастайымнан жетім боп өскен соң, алыс шаһарларға барып білім алудың сәті түскен жоқ. Содан есейе келе ауыл мешіттеріндегі молдалардан сауат аштым. Жәдит, қадым жазуларын, содан соң Ахмет Байтұрсынов құрастырған арабтың төте жазуын әжептәуір меңгеріп алдым. Кириллицамен шыққан кітаптарды көп оқитынмын. Соның пайдасы болар, латыншаны тез игеріп, газетті сол жазумен басып шығаруда көп қиындық көргеніміз жоқ».
Әлемнің 80 пайыздан астам халқы латын графикасын пайдаланады. Мұның өзі латыницаның өркениетті әлемнің басты қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді.
Алайда, өмірдегі осынау түбегейлі өзгерістерге көз жұма қарап, кері тартпа көзқарастарға жол беріп отырған теріс пиғылдағы топтар да баршылық. «Кириллицадан латынға көшу Қазақстанды Ресейден алшақтатады, ел мен ел арасына жік түсіреді» деп байбалам салғандарды құлағымыз естіп, көзіміз көрді.
Осы орайда, Елбасымыз Н.Назарбаев былай деп ашық айтты: «Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кириллица қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады». Бұдан артық қандай ашық әрі әділ сөз айтуға болады?!
Ақиқатын айтсақ, Ресейдің өзінде латын графикасын қолдайтындардың аз емес екендігін байқауға болады. Елдің ең басты қалаларының өзінде латын қарпімен жазылған қызылды-жасылды билбордтардан көз тұнады. Бірақ осыны ұнатпайтындар да бар. Дау шығармаса тұра алмайтын атышулы авантюрист В.Жириновский Ресей Федерациясы үкіметінің отырысында сөз алып: «Латыницаға бетбұрыс-шетелдік интервенция, оған қазірден бастап қарсы тұрмасақ, жатжұрттық тілдің боданына айналамыз» деп бейбалам салғанын интернет жария етті. Бірақ, оның сөзін отырғандардың бірде-бірі қолдап, ой-пікірлерін ортаға салған жоқ.
Демек, мұның өзі олардың латын графикасының ғаламдық деңгейдегі орнын үнсіз мойындағандықтарын білдірмей ме?!
Латыницаның қазақ тіліндегі нұсқасының заңды күшіне енгізілуі рухани жаңғырудың тағы бір жарқын көрінісіне айналғанын көріп отырмыз. Қазақ телехабарлары жаңа үлгідегі латын жазуларын жапатармағай жарнамалай бастады. Сол латын жазуларының бірқатарын оқырмандар назарына ұсыналық. Altai-Алтай, Almaty, Agtobe... Жуан дауысты әріптерге (а, о, ұ) қойылатын дәйекшелер олардың жіңішке дауысты сыңарлары ретінде ә, ө, у болып оқылады. Мәселен,  a'n (ән), o's (өс), a'sem (әсем) деген сөздерде дәйекшелер әріптердің дыбыстық өзге¬ріс¬терін қамтамасыз етіп отыр.
Латын графикасының қазақша нұсқасының барша жұрттың көңілінен шыққандығы еш күмәнсіз. Төл әліпбиіміздегі қаріп саны 42-ден 32-ге түссе де (дәйекшемен жазылатындарын қосқанда) тілімізге еш кемдік келіп тұрған жоқ. Сонымен жаңа өзен өз арнасына түсті. Тіліміздің тынысы кеңейіп, жаһандану үдерістерінде әлі талай асу-асу биіктерден көріне беретіндігіне еш күмән жоқ.
Сөз қайырымында Абайдың бір шумақ өлеңін латынның қазақ тіліндегі үлгісімен жазып шыққан едім. Кәне, оқып көрейік:
Ku's'іk asyrap i't ettіm,
Ol baltyrymdy qanatty.
Bіrey'ge myltyq u'i'rettіm,
Ol  mergen boldy, menі atty.

Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
журналист, тыл ардагері.

ҚОҒАМ 11 желтоксан 2017 г. 1 349 0