Халықаралық мүгедектер күніне орай А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мерекелік шара ұйымдастырылды. “Мен өмірге ғашықпын” тақырыбымен өткен кешке облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысып, елімізде әлеуметтік саланың әлеуеті артқанынын, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан қамқорлық толастамайтынын жеткізді.
– Қазір облыста 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың жеке оңалту бағдарламасының орындалуына облыстық бюджеттен 415 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде 12 мың бағдарлама жүзеге асырылыпты. Жуырда облыстық прокуратура мен облыс әкімдігі бірлесіп, “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық” жобасын қолға алғаны өздеріңізге мәлім. Ол туындаған түйіткілді мәселелерді мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп шешуді көздейді. 2013 жылдан бері республикада бірінші болып мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында арнайы “Жол картасы” да бекітілді. Әлеуметтік қызметтерді қолданыстағы талапқа сай ұсыну қажеттілігі күн тәртібіне қойылды. Бүгінде бұл жүйелі жұмыс жемісін беруде. Ең бастысы, нәтиже бар. Қазір ерекше қажеттілігі бар балаларға да иппотерапиямен оңалту шаралары жүргізіледі. Бұл қызметті дәрігердің қорытындысы негізінде алуға мүмкіндік бар. Биылдан бастап мүгедектерге ұсынылатын протез-ортопедиялық, тифлотехникалық көмекші, арнайы жүріп-тұру құралдарының тізбесі кеңейтілді, – деді Н.Байқадамов.
Мұнан соң Сағатбек Сиюов, Диана Смағұл, Күлпаш Күншығарова секілді өнерпаздар облыстық филармония әртістерімен бірге мерекелік сый ұсынды. Әсем әуенмен тыңдарманын елітті, ерекше биімен таңғалдырды. Көрермен оларды бір деммен қолпаштады. Өйткені, арбамен билеу – айрықша өнер. Бұл бидің тәртібі мен әдісі бөлек. Мүмкіндігі шектеулі жандар музыканың ырғағына ілесе қимылдаумен қатар арбаны игеруі тиіс. Өзін іштей қайрауы, үлкен сахнаға деген дайындығы да маңызды. Бірақ ерік-жігері мол жандар мүмкіндіктің шектеулі болғанымен, рухтың асқақ екенін дәлелдеді. Шара соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, жұртшылық ізденісі мол ісмерлердің көрмесін тамашалады.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.