РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ

Қазақстандық белгілі ғалым Қазыбек Дәуіталиевтің пікірінше, интеграция идеясы бір жағы әлемдік жаһанданудың заманауи негізі болса, екінші жағынан осы әлемге плюрализм қасиетінің де тән екендігін қатар таниды. Қазақстанның рухани өмірінде осы күнге дейін жүргізілген модернизациялық процестер белгілі бір деңгейде осы талаптардың үдесінен шықты деуге болады. 

Аталған идеялар Қазақстанның ішкі (Қазақстан халқы Ассамблеясы), сондай-ақ сыртқы қарым-қатынастарында (БҰҰ, ЕЫҚҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕЭО, ИКҰ, ҰҚШҰ, ЭКСПО-2017 және т.б.) ұтымды қолданылып келеді. Ішкі саясаттан айтар болсақ, бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс істеуі – ұлттық-мәдени плюрализмге лайықты көңіл бөлетін озық конституциялық модельді қалыптастырды. Өз кезегінде БҰҰ тарапынан да оң бағаға ие болып отыр. Ал, мемлекетіміздің сыртқы қарым-қатынастағы көпвекторлы саясаты мен интеграциялық процестерде белсенділік танытуы Қазақстанның сенімді, бастама­шыл және ынтымақшыл әріптес ретіндегі мәр­тебесін қалыптастырды. Бұл жетіс­тіктер инвестициялық климатқа да әсер етпей қойған жоқ, отандық қаржы институттарын дамытуға елеулі үлес қосуда.

Алайда, осы идеялардың сәтті іске асуына мемлекеттілігіміздің іргесін қалаушы – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптастырған субъектаралық коммуникативтіліктің бай тәжірибесі, билер соты арқылы институцияланған бітімгершілік мінезі және ең бастысы, бейбіт өмірден дәулетқұрушылық құндылықты көре білген дүниетанымы әсер етпей қойған жоқ.

1917 жылға дейін қалыптасқан орыс халқының тарихи мінезі мен империялық санасы, деспоттық орталықтанған билік­пен қарым-қатынас орнатудағы «этатизмге берілгендік», «репрессияға төзімділік» сияқты саяси сана элементтері – жаңа орнаған кеңестік биліктің мәніне ұласып, мазмұнымен біте қайнасты. Мұны іліп әкеткен әйгілі маркстік-материалистік философияның «сананы тұрмыс билейді» деген қарабайыр (профанды) көзқарасы – өркениетті капиталистік құндылықтар жүйесінің суалып, біржақты талдануына, сөйтіп жуан жұдырыққа, бір ғана «шындыққа» негізделген қоғам орнатуға алып келді.

Адам өмірінің құны жоқтығы, мемлекет көксеген армандар мен мұраттарға жетуде кезекте тұрған құрбандықтар ретінде қаралуы кеңестік қоғамдық сананы «үміт пен үрейде» қатар ұстап қана қойған жоқ, ол сонымен бірге әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, дәулетқұрушылықты не­гіздейтін, оның тынысын ашатын, әре­кеті мен ойын ширататын рухани бағ­дарламаларына балта шауып, эво­лю­циялық жолмен дамып келе жатқан мо­дернизациялық процестерді өрт тигендей етіп күйретіп кетті. Ағылшын философы Б.Расселдің тілімен айтқанда, кеңестік мем­­лекет пен спарталық дүниетаным идея­­лық жақындығы бар құбылыстар еді. Мем­лекет (қоғам) құру идеясын таңдау сұ­рағы қашанда тағдыршешті мәселе болған.

Осындай ақтаңдақтарға толы кеңес тарихының тағылымы – модернизациялық өзгерістердің саяси-құқықтық санада да қатар жүріп,

түптеп келгенде, құқықтың ізгі идеяларына бағынған қоғамды орнатуды көздейді.

Егер С.П.Капицаның сингулярлық теориясына жүгінер болсақ, адамзат жүріп өткен әрбір тарихи кезең мен оны алмастырушы тарихи кезеңнің арасы ауысым сайын 2,73 есеге дейін қысқарып отырады екен. Демек қатып қалған һәм икемге келмейтін уақыт жоқ, алайда оны икемге келтіру эклектикадан алыс, механикалық зорлықтан ада болуы тиіс. Жүз жылдың үстінде Абай шәкірттері «уақыт» тақырыбына өлең жаза алмай қиналған болса, ХХ ғасыр бұл олқылықты түзетті. Уақыттың батыстық мәдениеттегі парқын біліп кетпесек те, тәртібін меңгердік. Әлеуметтік өмірдің өлшеміне айналдырдық. Соңғы мағынада уақыт категориясы қоғамдық оқиғалардың сандық және сапалық көрсеткіштеріне тікелей тәуелді, олардың жиілігінің һәм қалыңдығының өлшемі. Сондықтан қазақстандық қоғамдық сананы модернизациялау бір жағы – тарихи уақытты механикалық сығымдаудан аулақ болуы тиіс болса, екінші жағы – тәуелсіздік жағдайындағы уақытты, оның төл құндылығына сай оқиғалар легімен толассыз байытып, түбінде жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнатуды көздеуі керек.

Рухани жаңғыру дегеніміз – тарихи тұрғыдан алғанда кез келген модер­низациялық процестің бастауында тұратын, кертартпа һәм тиімсіз сана болмысын күмәнға салып, керек болса, раблеше әжуалап, оны сергітуге бағытталған гуманитарлық һәм ұлттық жоба. Батыс Еуропа ұлты мұндай жаңғыруды Қайта өрлеу дәуірінен бастады. ХV ғасырдың әйгілі сәулетшісі Микеланджеломен қашалған адамның жалаңаш мүсіндері («Давид», «Бостандықтағы құл» және т.б.) – «адамның – Адам» екендігін, өз алдына дербес гуманитарлық құндылық бола алатындығын паш етті. Тегеурінді өнер идеясы – көркем әдебиет образына, одан – құқықтанымға ұласып, нәтижесінде «Адам мен азаматтың құқықтары туралы Декларация» жарияланды (1789 ж., Франция). Орайы келіп тұрғанда айта кетуіміз керек, итальяндықтар өнерде ғана алға шығып қойған жоқ, ХV ғасырға тиесілі әлем ғалымдарының тең жартысы осы ұлт өкілдерінен еді. Бұл модернизациямен қатар «егіздің сыңарындай» дамитын басты феноменнің бірі – ғылым екендігін көрсетеді деп есептейміз. Түптеп келгенде, рухани жаңғыру – гуманитарлық идеядан бастау алып, сана болмысында тергеу­ден өтетін, содан кейін барып қана қоғам өмірінің өзге қабаттарына жан бітіріп, әлеуметтік өмірдің шындығына ұласатын ментальды құбылыс. Бір ғана адам образының сана сүзгісінен қайыра өтуі – Еуропа ұлтын өнеркәсіптік төңкерістерге бастап, М.Вебердің тілімен айтқанда, мәдени капитализмге алып келді.

Елбасы мақаласындағы қазақстандық «рухани жаңғыру», кемінде өзара байланысты, бірін-бірі болжайтын келесідей төрт сұрақтың қисынын қамтиды деп есептейміз. Біріншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мұраты түбінде жетуіміз керек айнымас мақсатымыз болуы тиіс. Екіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды мемлекеттік тіл факторы негізінде құру мәселесі. Үшіншісі, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды құруда мемлекеттік тілдің интеллектуалды әлеуетінің жетіп-артылатын

болуы және соған жағдай туғызу мәселелері. Төртіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамның «Мәңгілік ел» аталатын өркениеттік құбылысқа ұласуы үшін мемлекеттік тілде төл философиялық жүйені қалыптастыру міндеті.

2012 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» атты баяндамасында «Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл - дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші ядро ретінде ықпал ететін болады. Бұл үдеріс объективті түрде жүргізілуде» деді. Жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мемлекеттің саяси басшылығының ғана емес, ол сонымен бірге бүкіл қазақстандықтардың ортақ арманы, азаматтық өремен таңдалған жолы болуы тиіс.

Бұл ретте, Елбасымыз Н.Назарбаев көрсетіп бергендей, мемлекеттік тіл – қазақстандықтарды ұйытушы бірден-бір факторға шынайы айналуы қажет. Онсыз азаматтық ұлтты – қазақстандықтарды қоғамдық санада орнықтыру мүмкін емес. Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей, дамудың тарихи сығымдалмаған һәм эволюциялық жолы. Мемлекеттілік пен мемлекет ұғымдарын «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы біте-қайнасқан мәндерге айналдырудың табиғи тетігі. Қазақстанның оқыс өзгерістерге бой алдырмай, сондай-ақ тамырын тәуелсіздіктің мұраттарынан тартатын басты жолынан да көз жазбай, елдің әлеуметтік-мәдени ерекшелігін, саяси ахуалын ескере отырып, азаматтық қоғам идеяларын кезең-кезеңімен, біртіндеп бекітуге кірісуі – мемлекеттілігіміздің баянды дамуының басты кепілі.

Әлемде соғыс өрті мен қақтығыстар өршіп тұрған осы күнгі елдердің бәріне тән ортақ бір белгі бар. Ол – шынайы азаматтық қоғамның пісіп-жетілмегендігі. Сол елдерді мекендеуші халықтардың арман-тілегі бір – азаматтық ұлтқа ұласып, ортақ мәмілеге негізделген бейбіт өмірді орната алмауы. Сондықтан да, жалпықазақстандық азаматтық қоғам­ды орнату – мемлекеттің, бұқара халықтың және ең бастысы, ғылым мен шығармашылық адамдарының қасиетті парызына айналуы тиіс. Бұл ретте Елбасымыз Н.Назарбаев көрсетіп өткендей, Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің айналасында топтасып, азаматтық ұлт болып ұюымыз қажет. Ол үшін барша қазақстандықтар, өз ұрпағының болашағын мемлекеттік тілге сеніп тапсыратындай жағдай салтанат құруы тиіс. Әлемдік ғылым мен білім жетістіктері мемлекеттік тілде қолжетімді болмай, ортақ Отанымызда тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдері ұрпағын қазақ тілінде оқытуға ықтиярлы бола қоймайды. Мемлекеттік тілдің ғылым мен білім тілі ретінде дамытылуы – әрбір қазақстандық азаматтың экономикалық мүддесін оятып, бірінші кезекте осы бір прагматикалық үдеден шығатын заманауи мәртебеге ие болуы тиіс. Бұлай болмайынша мемлекеттік тіл факторына ұйыған азаматтық қоғам орнату мұраты кейінге қалып, кешеуілдей береді.


Әзірлеген Ж.ӘЛМАХАН.

ҚОҒАМ 11 желтоксан 2017 г. 708 0