ЖЕРЛЕСІМІЗ «ҮЗДІК ЖАС ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ» АТАНДЫ

Жерлесіміз, 40398 әскери бөлімінің бөлімше командирі сержант Аслан Шәкенов Алматы облысы бойынша «Ko’s’bass’y - 2017» жастар сыйлығының «үздік жас әскери қызметшісі» атанды. Мәртебелі марапатты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов табыстады.
Марапат 17 номинация бойынша тағайындалды. Әр лауреатқа диплом мен 250 000 теңге сыйақы берілді.
Аталған шара Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар саясаты орталығы, «Жас Отан» ЖҚ Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткізілді. Олардың пікірінше жастарды осындай іс-шаралар арқылы қолдау олардың алға ұмтылып, өз шеберліктерін шыңдай түсуіне ықпал етеді.
– Алматы облысы әкімінің «Ko’s’bass’y» сыйлығы 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Үміткерлер қатаң талаптар мен бұлжымас ережеге сәйкес іріктеліп, ішінен ең үздіктері таңдалды. Жаңа 17 есім тарихқа енгізілді, - деді Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының баспасөз хатшысы Айнұр Нұрболқызы. Оның айтуынша, «Үздік әскери қызметші» номинациясына Қарулы Күштердің, басқа да әскери құрылымдардан бірнеше өтініш түскен. Кәсіби деңгейлерін, көшбасшылық қабілеттерін, жеткен жетістіктерін саралай келе ҚР ҚК Құрлық әскерлері 40398 ә/б сержанты Аслан Шәкенов марапатқа лайық деп танылған.
Аслан «жекпе-жек» өнері бойынша Қазақстан чемпионатының жүлдегері, «халықаралық турнирлердің жеңімпазы, «джиу-джитсу» бойынша ел чемпионы. Осы уақытқа дейін 50-ден аса облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда бағын сынаған.
– Барлығы біздің әскери бөлімде ұйымдастырылған жекпе-жек жарысынан басталды. Қарсыластарымды жеңген соң одан жоғары деңгейдегі жарыстарда бағымды сынай бастадым. «Үздік жас әскери қызметші» атану мен үшін зор мәртебе, қол жеткізген табыстарым тек менің ғана емес, қарулы күштер саласында қызмет атқаратын барша қызметкерлердің ортақ жеңісі, деп білемін. Себебі менің шеберлігімді шыңдауға, кәсібилігімді дамытуға жақсы жағдай жасап отыр. Біз алдыңғы буын ағаларға қарап өссек, артқы буын бізге қарап бой түзейді. Демек, жаман не орташа болуға қақымыз жоқ, біз, ел қорғаны боар жастар, әрқашан алда, көшбасшы болуымыз қажет, – деп ой түйді сержант А.Шәкенов.    
Салтанатты марапаттау шарасы қазақстандық эстраданың жарқын жұлдыздары Кәмшат Жолдыбаева мен «Renzo» тобының қойған ғаламат концертімен аяқталды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ҚОҒАМ 08 желтоксан 2017 г. 652 0