Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады.
Жалағаш ауданындағы «Ал-Нұр» мейрамханасында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» атты ІІ аудандық әйелдер форумы өтті. Форумға Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ә.Мәдиева модераторлық жасады. ІІ аудандық әйелдер форумын аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ашты.
- Ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі өнеге болып жүрген «алтын құрсақты» аналар жеткілікті. Бүгінде өңірімізде 1116 көп балалы аналар есепте тұрады.
2017 жылдың желтоқсанына 339 ана «Алтын алқа», 627 ана «Күміс алқа» иеленді. Ал, 149 ана І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.
Сонымен бірге, Қ.Әубәкірұлы барша асыл аналарымызға, әйелдер қауымына дендеріне саулық, отбастарына баянды бақыт, елімізге ынтымақ пен бірлік тілеп, еліміздің жарқын болашағына бағытталған әйелдер форумының жұмысына сәттілік тіледі.
Форумға аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев, арнайы шақырылған қонақтар Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Р.Байназарова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Б.Үмбетова, облыстық ішкі саясат басқармасының «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның директоры, облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Н.Мұсаева, ауданымыздағы «Батыр аналар» және «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, кәсіпкерлер, жастар көшбасшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» атты ІІ аудандық әйелдер форумында 12 ана ҚР Президенті жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері атанса, түрлі салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, қазіргі таңда аяулы әже, көп балалы ана, асыл жар атанып отырған аналарымыз аудан әкімінің Құттықтауымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелері Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігінің сыйлықтарымен марапатталды.