ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК – ТАБЫС ТЕТІГІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы журналистерге баспасөз жиынын өткізді.
Шиелі ауданы – ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлігі қанат жайған, өндірісі өркендеп келе жатқан облыстағы ірі өңірдің бірі.
Бұл ауданда шағын және орта кәсіпті экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде одан әрі дамыту бағытында жұмыстар атқарылуда. Есепті мерзімде Шиеліде 4625 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінгі таңда өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда 3 жоба жүзеге асырылуда.
Біріншісі, жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығару зауыты. Зауыттың құрылысы кезеңінде 1200 адам жұмыспен қамтылып, толық іске қосылған кезде 260 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Құрылымның іске қосылуы елімізде цемент құнын, сырттан тасымалданатын цемент көлемін едәуір төмендетуге ықпал жасайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, онда 380 адам жұмыспен қамтылған. Екіншісі, «Фирма Балауса» ЖШС-ның «Бала Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий
өңдеу және өндіру зауыты. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам жұмыс жасайды. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл соңына дейін 4,5 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланып, қосымша 50 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал, үшіншісі, «Таң ЛТД» ЖШС-ның жобалық құны 397 млн теңгені құрайтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы. Жобаның қуаттылығы жылына 9 мың тонна күріш ақтау және 3 мың тонна құрама жем өндіру. Жоба толықтай іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен қатар, маусым айында «KazChinNur» ЖШС-ның жобалық құны 150 млн теңгенің шағылтас және құрылыс бұйымдарын өндіру зауыты іске қосылып, 30 адам жұмыспен қамтылды.
Осындай мәліметтерді алға тартқан аудан басшысы соңғы жылдары алма ағашын егетіндер және жылыжаймен айналысатындардың қатары артқанын атап өтті. Қазір ауданда 13 жылыжай жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, Шиеліде балық және құс шаруашылығы қолға алынған. Өткен жылы ашылған шұбат өңдеу цехының жұмысы жанданып келеді.

Аудан орталығында, «Мөлдір және К» толық серіктестігінің жанынан құрылған «Шиелі құс» фермасының құрылысына 165 млн теңге инвестиция салынып, бүгінгі күнге 11 мың бас тауықтан, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Сондай-ақ, өткен жылы жеке кәсіпкер Сабыр Ермаханов жобалық құны 60 млн теңгені құрайтын тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдейтін «Ару АНА» шұбат цехын іске қосып, шығарған өнімдері облыс, аудан көлемінде сұранысқа ие болуына байланысты биылғы жылы 61 млн теңге несие қаржы алып, цехтың құрал-жабдықтарын қайта құрылымдап, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтін өңдеп қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығаруда.
Ағымдағы жылы «Әшірбеков» шаруа қожалығы құны 72 млн теңге болатын күріш ақтау цехын және құны 37 млн теңге болатын құрама жем цехын іске қосуды жоспарлауда. Цехтар іске қосылғанда тәулігіне 60 тн күріш өңдеп, 28 тонна құрама жем шығарады, 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Биыл «Асылхан» шаруа қожалығы сүт және сүт өнімдерін өндіретін жаңа цехты іске қосты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да жұмыстар жүруде. Бұл бағытта Ақмая, Жуантөбе, Жөлек, Бестам елді мекендерінде спорттық сауықтыру кешенінің құрылыстары жүргізілуде.
Өз кезегінде аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл 29663 гектарға егін егілген. Нәтижесінде 79 мың тонна күріш, 38 мың тонна көкөніс, 26 мың тонна картоп, 59 мың тонна бақша, 49 мың тонна жоңышқа жиналды. Мұндағы жұрт «Сыбаға», «Алтын асық» секілді мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көруде. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 540 сиыр, 29 бұқа алынса, «Алтын асықпен» 288 қой, 64 қошқар сатып алынған.
Осы негізде хабарлама жасаған аудан әкімі Шиелінің күннен-күнге жаңарып, жасарып келе жатқанын тілге тиек етті. Расымен де көшелер жөнделіп, жарықтандыру мәселесі де шешімін тапқан. Білім мен мәдениетте де, спортта да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жеткілікті. Мектептер мен мәдениет үйлері қайта соғылып, бірқатары күрделі жөндеуден өткізілді.
Бизнестің тізгінін ұстап, өз ісін ашып, кәсіппен айналысатындардың да қатары көбейіп келеді.
Жиын барысында БАҚ өкілдері сұрақ қойып, көңілге қонымды жауаптарын алды. Сонымен бірге, «Мөлдір және К» толық серіктестігінің басшысы Н.Мырзабеков, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков, «DANAKE» корпорациясының өкілі А.Айтқожаұлы, «Ару АНА» шұбат цехының технологы Б.Дүйсебекова сөз сөйлеп, атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
ҚОҒАМ 05 желтоксан 2017 г. 1 377 0