Қаладағы «Достық үйінде» С.Имандосовтың төрағалығымен қоғамдық кеңестің мәжілісі өтті.
Отырыста қоғамдық кеңестердің республикалық жиынында көтерілген мәселелер талқыланды. Сонан соң күн тәртібіне сәйкес облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев хабарлама жасап, оқу процесіне енгізілген өзгерістер және колледждердегі білім беру жүйесі мен сапасы туралы айтып өтті.
Қазір білім саласы жаңғырып келе жатқаны белгілі. Бүгінгі күн – білім берудің мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезеңі. Білім және ғылым министрлігі тарапынан жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқушылар мен мұғалімдердің оқу жүктемесін төмендету қарастырылуда. Бес күндік оқу жүйесі де енгізілді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда мектеп оқушылары арасында ІТ білімді дамыту мен оның сапасын арттыру маңыздылығы арта түсуде. Мектептерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы және басқа да мәселелерге тоқталған басқарма басшысы облыстағы колледждердің ахуалын сөз етті.
Мұнан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басқарма басшылары Т.Нұртаев пен Б.Ізкенов хабарлама жасады. Өз кезегінде қалалық, аудандық білім және ауыл шаруашылығы бөлімдерімен көрсетілетін кейбір мемлекеттік қызметтер талқыланды. Аймақтық квазимемлекеттік құрылымдардың жұмысындағы есептілік ашықтық мәселелері көтерілді.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге орай қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстар айтты. Солардың қатарында қала мектептеріндегі әлеуметтік педагог жайы, колледждер мен басқа аймақтардағы арнаулы орта оқу орындары арасында әріптестік байланыс орнату, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қаржыландыру жүйесін қарау, мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы кейбір артық құжаттарды алып тастау сынды ұсыныстар да бар. Сондай-ақ, білім ошақтарына барып, ондағы жағдайды өз көзімізбен көрсек деген ниеттерін де білдірді.
Бұдан біз қоғамдық кеңестің келелі мәселелерді талқылайтын, олардың шешімін табуға тырысатын, елдің атынан сөйлейтін құрылымға айналып келе жатқанын аңғардық.