ТІЛІ БАСҚА, ТІЛЕГІ БІР...

Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында «Корейлердің Қазақстанда тұрғанына 80 жыл» тақырыбында кеш өтті. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Қызылорда корейлер қауымдастығы» облыстық филиалынның ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Алматы қаласындағы Корея республикасының Бас консулы Чжон Сын Мин, консул Ли Менг Дже қатысты.
Салтанатты кеш аясында Кореяның белгілі фотографы Ким Джин Соктың фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Айта кету керек, Қазақстанға көшіп келген корейлер еліміздің ауыл шаруашылығы саласының көтерілуіне елеулі үлес қосты. Тың деректерге сүйенсек, Қазақстанға 30856 адамы бар 104 жер шаруашылығымен айналысқан колхоз көшірілген. Сонымен бірге 13 балық шаруашылығы колхозы келген. 1937 жылдың 21тамызында корей этносының өкілдері елімізге жер аударыла бастады. Шалғай Шығыстан 90 эшелонмен 20789 отбасы, яғни, 98454 корей этносының өкілі көшірілген. Солардың ішінде корей халқының батырлары – Хом Бом До мен Ге Бон У бар. Олар еңбекке білек сыбана араласты. Әсіресе, күріш өсіруде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Осы еңбектерін елеген үкімет облыс бойынша корей этносының 28 азаматына Еңбек Ері атағын берді. Бір ғана Шиелі ауданына қарасты Ақмая ауылынан 16 Еңбек Ерінің шығуы таңғаларлық еді.
Алматы қаласындағы Корея республикасының Бас консулы Чжон Сын Миннің айтуынша, осыдан 80 жыл бұрын Сыр еліне Қиыр Шығыстан жер аударылып, тағдыр теперішіне ұшыраған сәтте құшағын ашып, бауырына басқан, қонақжайлылық танытқан қазақ халқының жайсаңдығын, жақсылығын корей этнос өкілдері ұмытпайды.
Шара барысында бірқатар этнос өкілдері облыс әкімінің Алғыс хаты мен Қазақстандағы Корей Ассоциациясының медалімен марапатталды.
Салтанатты кеш соңы концертке ұласты.

Айнұр БАТТАЛОВА.
ҚОҒАМ 05 желтоксан 2017 г. 640 0