1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтуде. Осы айтулы мерекенің салтанатты жиыны облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «Елін сүйген, Елбасы» тақырыбында жалғасты.
Шарада алдымен әнұранның әуені шырқалды. Сонымен қатар, Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник М. Айдаров жеке құрамға облыс бойынша «Қарулы Күштер ардагерлер кеңесінің» төрағасы запастағы подполковник М.Рахметтулланың құттықтау тілегін жеткізді.
Мұрат Нәрзілдәұлы өз баяндамасында «Құрметті әріптестер! Елбасы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің көшбасшысы ғана емес, Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы екені барлығымызға белгілі. Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін нығайту мәселесіне әрдайым зор көңіл бөліп келеді. Сондықтан елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде: «Қарулы күштердің негізі – офицерлер, сержанттар, яғни өз өмірін саналы түрде Отанына қызмет етуге арнаған адамдар. Тәрбиелік және патриоттық жұмыстарды жетілдіру, солдаттан генералға дейінгі моральдық рухты күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажет» - деген болатын. Бізге яғни, жергілікті әскери басқару органында қызмет атқаратын әскери қызметшілер мен қызметкерлерге жүктелен бірінші міндет Отан алдындағы борышын орындайтын, нағыз жігерлі де, саналы азаматтар қатарын даярлау болып табылады- деді.
Жиын барысында департамент бастығының орынбасары-Тәрбие және идеология жұмыстар бөлімнің бастығы подполковник Н. Қайырлапов «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жөнінде кеңінен өрбіте дәріс оқыды. «Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлт рухының асқақтауы», - деп қорытындылады. Шара соңында тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.