Қызылордада жантүршігерлік оқиға болды. Қаладағы базар маңында контейнердің ішінде қалып қойған 17 жастағы жігіт тірідей жанып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, түн ортасында отқа оранған контейнердің ішінде ағалы-інілі екі жігіт ұйықтап жатқан. Тілсіз жауды бірден ауыздықтауға кіріскен өрт сөндірушілер, контейнер ішінде болғандардың біреуін ғана аман алып шықты. Ал құтқарылған азаматтың 17 жастағы інісі жалын ортасында қаза болған. Өрімдей жас жігіттің өмірін жалмаған контейнер орналасқан базар маңындағы мекемеде бүгінде адам жоқ. Алайда сол өртті өз көзімен көрген тұрғын оқиғадан қатты шошынып қалғанын айтады. Ал төтенше жағдайлар қызметіндегілер соңғы уақытта баспаналарда және адам түнейтін жерлерде дәл осындай оқиғалардың жиілеп кеткенін айтады.
«Будка ішінде өрт кезінде адам қалып қойған. Бір адам қаза болды. Бізден үш техника жұмылдырылып, 11 адам өртті сөндіруге қатысты», - деді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев.
Мамандар «темір контейнердің іші мамық шүберекпен қапталғандықтан тұтанған тілсіз жау тез арада үлкен жалынға ұласқан» деген болжам айтады.