Қызылорда облыстық сотында «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
«Дөңгелек үстел» жұмысына облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, облыстық, қалалық соттардың судьялары, адвокаттар, құқық қорғау органдарының және «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері қатысты.
Іс-шараны облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет жүргізді. Ол өз сөзінде қылмыстық реформаның маңыздылығына тоқтала келе, заң жобасындағы түзетулер жеті негізгі түйінді бағыттарды көздеп отырғанын атап өтті. «Жалпы алғанда реформа қылмыстық процестегі адам құқығын қорғауды нығайту, тараптардың жарыспалылығын арттыру, соттық бақылауды кеңейту, сондай-ақ тергеу органдары, прокуратура мен соттың арасында құзыреттілікті нақты бөліп, оның қайталануын болдырмауға және процесте уақыт пен шығынды үнемдеуге бағытталған», – деді Б.Қалымбет.
«Дөңгелек үстел» шеңберінде Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Балғабай Жаңабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Алуа Талипова сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту, заң жобасының негізгі ережелері және олардың тиімділігі туралы айтып өтті.
Қызылорда қалалық прокуратурасының қылмыстық қудалау бөлімінің басшысы прокурор Серік Сыздықов қылмыстық процесті оңтайландырудағы прокуратураның роліне тоқталды. «Ағымдағы жылдың 10 қазанында қылмыстық істерді қысқартылған тәртіпте қаралуын қамтамасыз ету мақсатында қалалық прокуратура, сот, ішкі істер басқармасы арасында қол қойылған үш жақты Меморандум нәтижесінде ұзақ уақыт қаралатын процедуралар мен құжат айналымы қысқарды», – деді С.Сыздықов.
Шара соңында қатысушылар қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бағытында ұсынымдар енгізді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі