АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Бабаларымыздың табаны тимеген жерге, балаларымыздың қаламы тиді. Бүгінде мыңдаған қазақстандық жас шетелден білімін жетілдіріп келуде. Білім саласындағы мұндай барыс-келіс білікті маман даярлау ісіне айтарлықтай септесетіні анық. Ал, мұның барлығы – мемлекеттің білім саласына айрықша назар аударып, жастардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауының жемісі.
Өздеріңізге белгілі, облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының университеттері арасындағы екіжақты меморандумға сәйкес, 2014 жылдан бері қызылордалықтар Ресейдің маңдайалды оқу орындарында білім алуда. Қазір көрші мемлекеттің біліміне басымдық берген Сыр жастарының қатары толықты. Кезекті кейіпкер, “Атамекен” балалар ауылының тәрбиеленушісі, қазір Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде білімін шыңдап жүрген Наргиз Қашапова да – білім саласындағы айтулы мүмкіндікті сезінген талапкердің бірі. Жуырда дарынды жаспен ғаламтор арқылы тілдесіп, шетелде білім алудың артықшылығын сөз еткен болатынбыз.
– Бала күнімнен шетелде оқуды армандадым. Сол арман мені алға жетелегендей. Өзге елде оқып, басқа жерде біліміңді шыңдау, ел асып, жер көру, Қазақ елін талантты да талапты азаматтардың елі екенін көрсету – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Алайда, мұның барлығын жүзеге асыруға болатынына уақыт өте көзім жетті. Қазір Мәскеудің, Санкт-Петербордың рейтингі жоғары университеттерінде білімін шыңдап, мамандығын жоғары технология мен үздік әдістемелер арқылы терең меңгеріп жүрген қатарластарым көп. Біздің мақсатымыз – оқуды ойдағыдай тәмамдап, туған жерге табан тіреу, Сыр халқының игілігі үшін еңбек ету. Сол күнге жетуге асықпыз. Ең бастысы, осындай мүмкіндікті ұсынып отырған елағаларының үкілі үмітін ақтағымыз келеді. Еліміздің басты капиталы – мұнайы, қазба байлығы емес, оның туын тіктеп, керегесін кеңейтетін, кемел келешекке жетелейтін дарынды да білімді жастары. Сондықтан, біздің сапалы білім алуымызға салынған инвестиция – жарқын болашақ кепілі деп білеміз. Оның қайтарымы, пайдасы мол болары сөзсіз, – дейді Наргиз.
Халқыңның қажетіне жарау­дан артық бақыт жоқ деп есеп­тейтін бойжеткен әңгіме барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жастарға деген ерекше қамқорлығын сөз етіп, Президентпен кездескен белсенді жастардың қатарында болғанын айтты. Еліміздің әлем алдындағы биік беделі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз бай­ланысты екеніне, бүгінде бізді әлем елдері мойындағанына тоқ­талды. Шынында, Елбасының Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдыруы, түрлі одақтар құруға бастамашы болуы, “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесін өткізу секілді істерді қолға алуы іргесі берік, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы жоғары ел екенімізді дәлелдеуде. Егемендіктің жасампаз көрінісі қай салада болмасын өзіндік айшығымен айқын аңғарылып келеді. Кеудесінде еліне деген ыстық сезім ұялаған жастардың алға қойылған міндеттер үдесінен шығуға, кемел келешекке сенімді қадам басуға ынталы екені де көңіл қуантады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
ҚОҒАМ 30 қараша 2017 г. 779 0