ЕСТЕН КЕТПЕС ЕРЕКШЕ СӘТ

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Сыр еліне жұмыс сапары барысында «Арай-2» шағын ауданындағы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің салтанатты шарасына қатысқан болатын. Ол кезде 520 пәтер ел игілігіне берілген еді. Салтанатта Президент Нұрсұлтан Назарбаев жас отбасының қуанышына ортақтасып, қоныс тойымен құттықтап, дастарханынан дәм тәтті. Бұл Шалхар Демес пен Айзада Бұрханованың жанұясы еді. Олар білім саласының қызметкерлері. Баспаналы болуды армандап, үй кезегіне тұрған. Отанасы Айзада естен кетпес сол бір сәтті қуанышпен айтып берді.
– Мемлекет басшысының Қызыл­орда қаласына сапары біз үшін үлкен қуаныш болды. Бұл сәт отбасымызда мереке болып саналады. Үй кезегіне тұрғанымызға 5 жыл болған. Үш баламыз және тағы бір сәбиімізді күтіп отырған едік. Балаларымыз да ерекше қуанды. Әлі күнге дейін достары мен сыныптастарына үйімізде Елбасының өзі қонақта болғанын мақтанышпен айтады. Елбасы қыздарыма ақ батасын берді. Балаларым ілулі тұрған естелік суретке қарап, болашақта еліміздің білікті маманы болып, ата-анамыздың сенімін ақтаймыз,– дейді жас ана.
Бұл қуаныштан кейін жас отбасы тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті. Үш қыздан кейін өмірге шекесі торсықтай ұл бала келген. Ата-анасы ырымдап, баланың атын Нұрсұлтан қойған. Бүгінде былдырап жүрген Нұрсұлтанның қылығы тәтті. Қабілеті ерекше. Ата-анасы оның болашағынан зор үміт күтеді.
Жалпы, Сыр елінде соңғы жылдары құрылыс саласы қарқынды жүргізіліп келеді. Жаңа ғимараттар бой түзеп, заман талабына сай емхана, балабақша мен мектеп салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Қала келбеті де жылдан-жылға жанданып, құлпырып, гүлденуде. Айта кетерлігі, өңірде баспана мәселесі жүйелі шешіліп отыр. Жыл сайын қаншама жас отбасы баспанаға қол жеткізіп, жылы да сапалы үйлерінде бақытты өмір сүруде. Осы ретте Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана-2020» секілді бағдарламалар әрбір отбасын шаттыққа кенелтіп келеді. Айзада мен Шалқар сондай мүмкіндіктерге қол жеткізген бақытты отбасы қатарынан.

Сара АДАЙБАЕВА.
ҚОҒАМ 30 қараша 2017 г. 609 0