Адам өмірінде ешқашан ұмытылмайтын естеліктер, арманға қанат бітіретін айрықша сәттер болады. Ондай оқиғалар үнемі қуат сыйлап, ертеңге деген сенімді арттырады. Аралдық жеті жастағы кішкентай Нұрсұлтан үшін ең ерекше сәт Елбасымен жүздесу болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапарында талабы таудай бүлдіршінмен тілдесіп, арманын тыңдап, ақ батасын берген болатын. Бұл жеткіншекке зор қуаныш сыйлады. Арал қаласына жолымыз түскенде арманы асқақ бүлдіршіннің үйіне арнайы соғып, ата-анасымен тілдескен едік.
Кішкентай Нұрсұлтан Жақсыгелдиев бүгінде Арал қаласындағы №260 орта мектептің 2-сыныбында оқиды. Оқуда озат. Ұстаздары қағілез баланың қабілетті екенін айтады. Тағы бір ерекшелігі, еш адамды жатырқамай, ортаға тез сіңіседі. Оның мектепте де, ауыл ішінде де достары көп. Әжесі Айнагүл Бисенбаева немересінің келешегінен көп үміт күтеді.
– Ұстаздарынан шағым түскен кез болған емес. Сабағын қадағалап отырамын. Немеремнің барынша білімді болғанын қалаймын. Өзінің де үлгерімі жаман емес. Сурет салатын қабілеті де бар. Тек заманымыз тыныш, осылардың болашағы жарқын болса екен, – дейді әжесі.
Кішкентай Нұрсұлтан Елбасыға ерекше арманын айтқаны есімізде. Ұшқыш болғысы келетінін, Астананы көргісі келетінін жеткізген. Мемлекет басшысының шақыруымен оны облыс әкімі еліміздің бас қаласына барып қайтуына қолдау көрсетті. «Бәйтеректі» көріп, әсем жерлерді аралады.
Көпшілік жерді еш жатырқамайтын бүлдіршін біз барғанда да тосырқамай, сауалдарымызға жауап берді. Салған суреттерін көрсетіп, өскенде орындағысы келетін мақсаттарымен бөлісті. Жеті жасар бүлдіршіннің қиялы ұшқыр. Бала арманына қанат бітіргені үшін Нұрсұлтанның ата-анасы да Елбасына зор алғыс білдірді.
М.ӨТЕГЕН.