АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ

Кең-байтақ еліміздегі секілді Қарағанды облысында да мәдениет пен өнер ұйымдарының кең ауқымды жүйесі жұмыс істейді. Нақтылай айтсақ, мемлекеттік жүйе бойынша 340 кітапхана, 224 клуб, 5 театр, 17 мұражай, 2 концерттік ұйым, мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, тарихи-мәдени мұраны қорғау мемлекеттік инспекциясы, хайуанаттар бағы, 10 мәдениет және демалыс саябағы халықтың рухани қажеттілігін өтейді. Соңғы жылдары мәдениет нысандарының саны тағы да еселене түсті.
Облыс бойынша жүзге жуық көркемөнерпаздар ұжымының «халықтық» атаққа лайық болуы, «Аққу» фольклорлық-би ансамблі мен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының, симфониялық оркестрдің Германия, Түркия, Қырғызстан елдеріне жасаған өнер сапарларының өзгеше бағаға ие болуы, археологиялық зерттеулер мен фольклорлық экспедицияның үздіксіз жүргізілуі, т.б. игілікті шаралар қарағандылықтардың мәдениет мәселесіндегі қарқынды жұмысын көрсетеді. 
Қарағанды аты аталғанда біздің жадымызға алдымен Қарқаралы атауы түсетіні ақиқат. Ресей империясының әскери бекінісі есебінде 1824 жылы салынған уездік қала Қарқаралы – қазақ мәдениеті мен өнерінің ту тіккен ордасына айналған киелі мекен. Қарқаралының аты әсіресе жүз жылға жуық уақыт дүрілдеп тұрған Қоянды жәрмеңкесі арқылы асқақтай түскен. Бұл жәрмеңкеге тек қазақ даласы емес, Ресей мен таяу шет ел саудагерлері де сабыла келіп, еларалық тауар айналымы жүрген.
Шиқылдаған өгіз арбасынан басқа мүлкі жоқ Сыр мен қырдың қазағы да күн-түн жүріп, Қарқаралыға жеткен. «Асықпаған арбамен Қояндыға жетеді» деген мақал сонан қалған. Кейін осы тарихи сөздің «асықпаған арбамен қоянға жетеді» болып өзгеріске түсіп кеткені өкінішті. Қоянды жәрмеңкесі сауда-саттықтың ғана емес, қайнаған өнердің базары болған. Қазақтың мың әнін жинаған атақты А.В.Затаевич Қарқаралы өңіріндегі құймақұлақтардан 150-ден аса ән жазып алған. Осының өзі бұл өлкенің ән мен жырдың қазыналы көмбесі екенін көрсетіп тұр емес пе?!
Қасиетті топырақтан қазақтың көптеген өнер тарландары өсіп-өнген. Суырыпсалма ақын Кемпірбай Бөгенбайұлы, әнші, ақын Әсет Найманбайұлы, ақын Нарманбет Орманбетұлы, сахнагер Қалибек Қуанышбаев, әнші Хабиба Елебекова – осы өңірдің перзенттері. Осылардың арасынан бөлек айтылатын бір өнер тұлғасы – Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы, халық композиторы Мәди Бапиұлы.
«Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» – дейтін атақты өлең жолдары Мәдидің туған жерімен біртұтас болмысын шарықтатып, әрбір қазақтың жүрегін әлі күнге әнмен тербетіп келеді.
Қарқаралы – ақындар мен батырлардың отаны. Ұлы Отан соғысында теңдессіз ерлік көрсеткен Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров пен тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те Қарқаралының қара баласы.
Бір кезде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қажымұқан Мұңайтпасов секілді ел сүйген алыптар өнер көрігін қыздырып, елдің көңлін тасытып, мерейін асырған еді.
Міне, сол қазақ даласының думанды топырағында туған тәуелсіз еліміздің өнер тарландары таяу күндері Сыр өңіріне келіп, ән мен жыр шашуын шашпақ. Өнер мен мәдениеттің өзгеше өрнегін тарту етпек.
Алаштың анасына қош келдің, қасиетті Қарқаралының қанатты өнерпаздары, дейміз біз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ҚОҒАМ 10 қазан 2013 г. 2 062 0