АУЫЛДЫҢ АДАМДАРЫ

Ауыл адамдары қызық, аңғал әрі айтқыш. Олардың баладай сенгіштігі, сөзге тоқтайтын кіршіксіз болмысы таңғалдырады.
Шиелі ауданына қарасты «Ботабай» мен «Айдарлы» ауылының ортасында қазір орны ғана қалған «Құмшығанақ» деген колхоз болған. «Құмшығанақта» негізінен соқпан аталығының ағайындары қоныстанған, арасында аздап арғын, алтыбас руы да бар. Сол кезде колхоз бастығы Өтепберген соқпан, оның орынбасары Беркінбай да соқпан, бригадирлер де соқпан.
Бір күні арғын Шілімбет колхоз кеңсесінің көлеңкесінде жатқан ешкіні таяқтап қуыпты.
– Осынша соқпаннан не дәметіп жатырсың, кебенек! Сен түгілі бригадирлікті маған да бермейді! – деп Шілімбет әлгі ешкіні бақылдатып біраз жерге апарса керек.
Бригадир атқа мінеді, жаяу жүруден, қолымен қара жұмыс істеуден босайды. Жасы біраз жерге таяп қалған Шілімбеттің бригадирлікті сұрап тұрғаны содан. Бұл әңгіме Беркімбайдың құлағына тиген. “Ешкіге қаратып айтса да, есті сөз екен” деп содан Шілімбетті бригадирлікке қойыпты.
Осы ауылда асықпай сөйлейтін, бетіне тура қарап сұрақ қоймаса, тіпті ауыз ашпайтын екі адам бар. Біреуі Әбсәметтің баласы – Әпсапа, екіншісі алтыбас Сыздық ұста.
Бірде мал қора соғу үшін екеуі белдеріне шотын қыстырып, дарияның жағасына барып, күйген, қураған ағаштарды бұтарлап, түс ауа жаяулатып үйлеріне қайтыпты. Кештетіп ауылға жете бергенде жамбасын сипаған Әпсапа:
– Менің шотым түсіп қалыпты, – дейді.
– Қаш-шан, шыға берісте-ақ түсіп қалып еді ғой, – дейді оның артында келе жатқан Сыздық. Сонда біреуінің белінен түсіп қалған шотын көріп тұрып, екіншісі айтуға ерінген ғой. Біреу бірдеңе сұрамаса, не бір сылтау болмаса, сөйлемейтін осындай шыдамды адамдарды көрген бар ма?
Досмат деген осы ауылдың кісісі құмның бетінде жылтырап жатқан бір затқа көзі түсіп, қалтасына сала салады. Қай замандыкі екенін кім білсін, бұл бір ескі, тот басқан тиын екен. Сыздыққа көрсетейін деп ойлайды. Сыздық алтын-күмістен әшекей соғатын зергер еді.
– Мына бір ақша ма, әлде не, алтын емес пе, көріп байқашы, – дейді Досмат Сыздыққа. Ол әлгі дөңгелек тиынды егеумен екi рет сүйкеп өтiп, қобдишаға лақтыра салады. Не екен деп Досмат та сұрамайды, алтын болса болар деп Сыздық та айтпайды.
Бір ауылдағы тойға Сыздықтың әйелі Күлшара алтын сырға тағып барыпты. Жұрт құтты болсын айтып “қайдан алдың” деседі. Күлшара ақкөңіл, сыр жасырмайды. “Шалым ескі тиыннан шығарды” депті.
Мұны естіген Досмат Сыздықтың дүкеніне келіп:
– Жеңгем алтын сырға тағыпты, құтты болсын, – дейді.
– Алтын тауып әкелетін қайнысы болса, тақпай қайтсін? – депті сонда Сыздық. Көп әңгіме айтпайтын ағасын мұнан әрі сөйлеткісі келмеген Досмат та үндемей бұрылып жүре беріпті.
Міне, ауыл адамдарының кеңдігі, мәрттігі дегеніңіз осы. Алтын үшін суға итеріп, отқа лақтырып жіберетіндер де жетеді ғой. Құдай сақтасын, дегенмен қазақтың кеңдігіндей кеңдік кімде бар?!
Мына бір оқиға да сол заманда өткен. Осы ауылдыкі болмағанмен тақырыппен желілес, жерге тастауға қимайсың.
Бір бала түйе жетектеп Ақмешітке келсе, көшеде бір татар әйел майға пісірілген бәліш сатып тұр екен.
– Ал, балам, ал, – депті жақындай берсе, әлгі бала үш-төртеуін алып жеп, бетін сипап кетіп бара жатыр дейді.
– Әй, малай, тоқта, мұның ақшасын кім төлейді? – деп әйел оның шалғайына жармасады ғой.
– Құдайы күлшеге ақша ала ма? Менде ақша жоқ, – дейді бала.
– Бұл “пирожки” шырағым, балтай-шалтай хватит, давай ақша!
Осы жанжалдың үстіне сәнді киінген бір қазақ азаматы келіп қалады. Басында шляпа, қолында тері сөмке, оқыған кісіге ұқсайды.
– Не болып жатыр? – дейді ол.
– Мына шпана ақшасын төлемей жатыр, – дейді әйел.
– Сізге қанша беруі керек?
– Үш сом.
– Мә, үш сом. Ал, бала, сен тағы да жейсің бе?
– Иә, жеймін, – деп бала тағы төрт-бес бәлішті алып кете береді. Ол рахмет демейді, ана кісі рахметің қайда деп сұрамайды. Татар әйел бұған аузын ашып қарап тұрыпты.
Өзін зор санайтын орыс та, арий қандымын дейтін неміс те, алыппын дейтін ағылшын да бұлай істемес еді. Болмаған күнде бір-біріне рахметін айтар еді. Міне, қазақы мәдениет және бұл оның өзіне ғана тән қарапайым мәдениет.
Сыздық пен Досматтың әңгімесі де осыған ұқсайды.
Ал, ауыл адамының сенгіштік қасиеті тіпті бөлек. Әнәпия әжеміздің оқиғасы біз айтқан сенгіштік қасиеттің шынайы бейнесі.
Төсек тартып жатқан кейуананы абысындары, келіндері астындағы төсегімен қоса көтеріп, далаға салқын жерге апармақшы болып қаумалап көтеріп келе жатса:
– Мені қайда алып бара жатырсыңдар? – деп сұрапты.
– Көмейін деп бара жатырмыз, – дейді онымен әзілі бар абысынының бірі, көрпешенің бір жағын көтерісіп сүрнігіп келе жатқанда қойған сұрағын жақтырмай.
– Үй-бүй, бүгінде тірі адамды да көме беретін болған ба? – депті сонда Әнәпия кемсеңдеп.
Ауыл адамдарының сенгіштігі – өтірік айтпайтындығында, жомарттығы – “Алла кеңдікті ұнатады” деген үлкеннің сөзін естіп ержеткенінде, айтқыштығы – ішіне кір жасырмайтын адалдығында.

Д.АЯШҰЛЫ.
ҚОҒАМ 28 қараша 2017 г. 1 046 0