Ел ағасы – ардагерлердің ең басты міндеті – елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау болса, осы бағытта аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегі, тағдыры мен тағылымы, жалпы өнегелі өмір жолдары бүгінгі бейбіт те берекелі тірліктің бастауы екені ақиқат. Әсіресе, үлкенін үлгі тұтқан халқымызда қазыналы қарияға деген құрмет ерекше.
Болашақ бағдарымыз – рухани жаңғыру десек, бұл орайда дария кеуде, тау мүсін – қарттарымыздың бойындағы таным мен тағылымды ұрпақтан ұрпаққа сабақтап, ұлттық құндылығымызды ұлықтаудың маңызы зор. Таяуда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Ардагер ақындар мүшәйрасы» осының айғағы. Шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов ашып, ардагер ақындар мүшәйрасы салауатты өмір салтына сай, қазыналы қарттың өмір соқпағынан өрелі із қалдыру мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Сан ғасырдан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді жаңғыртып, даналық сөздерді дәріптеп, бабалар ұлағатын насихаттау шаралары ардагерлер кеңесі тарапынан тұрақты жүргізіліп келеді. Расында, осыған дейін ұйымдастырылған батагөй қария, өнегелі келін сайыстары өз нәтижесін беріп, жас ұрпақ тәрбиесіндегі өнеге өрісі кеңейіп келеді.
Ардагер ақындар сайысына аймақ бойынша жиырмадан астам қаламгер қатысты. Олар мүшәйраның мақсатына сай ардагерлердің қоғамдағы міндеті мен мәртебесін, егеменді елдің бірлігі мен берекесін жырға қосты. Айталық, Қызылорда қаласынан Толыбай Абылаев, Мұхамеджан Нұрханов, Рахат Наурызбаева, Қазына Өзденбаева, Қазалы ауданынан Мақсұт Айгелдиев, Жаңақорған ауданынан Изатулла Нәзілдаев, Жалағаш ауданынан Зайра Мамырова, Серік Бертаев сынды ардагерлердің өлеңдері көрермен көңілінен шықты.
Мүшәйраға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Махмұтбай Әміреевтің төрағалығымен, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, ұлағатты ұстаз Ділдахан Торғаева қазылық етті. Жыр мүшәйраның қорытындысымен, бірінші орынды Толыбай Абылаев, екінші орынды Мұхамеджан Нұрханов, үшінші орынды Дәріқұл Махамбетов және Изатулла Нәзілдаев иеленді. Сайысқа қатысушылардың барлығына облыстық ардагерлер кеңесінің «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлықтары табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА.