Еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігін қорғайтын құрылымдардың қатарында патриоттығы басым, елдік рухқа кемел жандардың бары көңілге қуаныш ұялатады. Осындай арда азаматтың бірі, еңбек жолын ҚР Қарулы Күштеріне арнаған әскери зейнеткер Асқар Байсупаков. Бүгінде ардагер облыстық Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің жұмылдыру басқармасында аға көмекші болып қызметін жалғастырып келе жатыр.
− Асқар Адидулдаұлы әскери қызметті таңдауға қандай себеп болды?
Свердловск қаласында (қазіргі Екатеринбург қаласы) Орал орман - техникалық институтында жоғарғы оқу-орнын оқып жүріп, қосымша әскери кафедраны оқыған болатынмын. Әскери кафедрадағы командиріміз бізді нағыз ер-жігіттік тән қасиетке және ерік-жігеріміздің рухын арттыра түсетіндей тәрбие берді, – деп айтсам артық болмас. Содан, "әскери маман болып, әскери ортада жұмыс атқарсам ғой" - деген ойлар санамда қалды. Адам баласы жақсы ой ойлап, алдына нәтижелі мақсат қоя білсе орындалады деген бар емес пе? Уақыт өте келе оқу орнын тәмамдағаннан кейін әскери қызметші болып жұмыс атқару бұйырды.
− Әскери кафедраны бірге оқыған курстас жолдастарыңыз арасында осы саланы таңдағандары бар ма?
Жалпы мен оқыған топта 47 азамат оқыдық, олардың ішінен әскери кафедра бітіргені 25 курсант. Оның екеуі ғана қазақ болатын. Әскери саланы таңдаған тек қана мен болдым. Қалғандары оқыған мамандық аясында жұмыстарын атқаруда.
2008 – 2012 жылдар аралығында Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыру, жұмылдыру басқармасында жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі бастығы лауазымында қызмет атқарып зейнет демалысына шықтым.
− Кез-келген істің басында үлгі болатын басшы тұратын рас. Қандай басшылардың тәрбиесін көріп, тәжірибе жинақтадыңыз?
Кейде өткен өміріме бір шолу жасап ойға алған сәттерімде, іштей қуанып, риза боламын. Себебі, әскери қызметте жүрген кезде мықты офицерлер құрамымен қызмет атқарғаным, істе тәжірбие жинақтауыма көп көмегін тигізді. Мен қызметтес болған басшылар Қызылорда облысының әскери комиссары, полковник Петроченков Олег Ильич, одан кейін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Тукмамбетов Сұлтан Әбуұлы, Сауытбеков Қалиолла, Нұралиев Раджаб Тұрсынбайұлы, генерал-майор Ерниязов Әлімжан Қанағатұлы.
− Әскери қызметшілерге айтар кеңесіңіз?
Әскери саланың қуанышымен қатар қиындықтары кездесетіні рас. Сондықтан да қиындыққа төтеп беріп, жеңуге тырысу қажет. Себебі сен елдің үміті мен тыныштығын, Отан алдында ант берген әскери қызметшісің! Басшылық тарапынан келген тапсырмаларды, бұйрықтарды уақытылы, сапалы орындау қажет. Екіншіден, нормативтік - құқықтық актілер бойынша біліктілігіміз жоғары дәрежеде болуы шарт. Үшіншіден, әскери жарғының талаптарын білу және орындау қажет..
− "Отан от басынан басталатыны белгілі" жанұяңызда әскери тәртіптің қағидалары қолданыла ма?
Әрине, міндетті түрде! Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әкемін. Үлкен ұлым, Мирас Қызылорда қаласындағы шекара қызметінде әскери қызметші. Ортаншы қызым Әсел жергілікті әскери басқару органында әскери қызметші болып қызмет атқарады. Балаларыма әр кезде айтар төрт кеңесім бар. Тарихты, батырларымыздың ерлігін ұмытпа! Ана тіліңді құрметте! Шақырған жерден кешікпе. Спортпен айналысуды доғарма деймін.
− Биыл Қарулы Күштеріміздің құрылғанына 25 жыл. Әскери зейнеткер ретінде айтар тілегіңіз?
Жер бетінде тек бейбітшіліктің туы желбіресін Қазақ армиясының құрамы жылдан-жылға көбейсін. Әскерге, әскери оқу-орындарда білім алатын жас өрендер қатары көбейсін, – деген тілегімді білдірем.
Полковник Асқар Байсупаков 1962 жылы 1 сәуірде Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылында дүниеге келген. Әкесі Алиулла Қаракеткен ауылындағы орта мектеп директоры, анасы Махмутова Қалдыгүл сауда саласында қызмет атқарған. Отбасында 8 ағайынды.
1980 жылы Свердловск қаласында инженер – механик мамандығында оқи жүріп, қосымша әскери кафедрада оқып запастағы лейтенант атағын алған. 1995 жылы Қызылорда қаласындағы әскери комиссариатқа әскери қызметке шақырылған. Әскери саланын қиындығы мен жетістіктерін қатар ала жүріп, 2012 жылы подполковник атағымен отставкаға шығады. Екі немеренің атасы.
АҚЕРКЕ ШАҒЫРБАЕВА.