САНАНЫ ШЫРМАҒАН ЖЕЛІ ӘЛЕГІ

Мен оған тәуелдімін. Уақытымның бәрін соған сарп етемін. Қайда, не үшін, кіммен жүргенім маңызды емес. Санамды тек бір ой мазалайды. Он минут уақыт өтті. Ал, мен телефонға әлі үңілген жоқпын. Бір көштен қалып қойғандай күйдемін. 
Мүмкін басқа әлемде жүргендеймін. Қашан қолыма телефон алып, әлеуметтік желінің қанша түрі болса, бәрін шолып шыққанша асығып тұрмын. Кім қандай дүние салыпты? Суретке әдемі түскендер бар ма? Достық жіберген кімдер? Қанша жаңа хабарлама келді? Қандай тақырып талқыланып жатыр? Кім кімді балағаттады. Ал, бүгін мен әлеуметтік желіге не саламын? Бұл – менің ойым емес, әлеуметтік желіге тіркелгендердің басым бөлігінің санасын жаулаған сезім. Жалпы, әлеуметтік желілерге тәуелділік, аурудың бір түрі болып табылады екен.
Байқайсыз ба? Адамдар қоғамнан ажырап бара жатқандай. Айналада нендей құбылыстардың болып жатқанынан хабар білгісі келмейтіндей. Жақсы дүниелер қызықсыз болып көрінеді. Сіз шаршағанда не істейсіз? Ал, мен табиғаттың кереметін, жұпар ауасын, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін, сүйіспеншілігін, қол ұшын созып алғыс алғанын көріп, ішкі дүниемнің рахат күй кешетінін білемін. Тіпті, үлкендердің ғибратты әңгімелерін тыңдап, рухани байып қаламын. Сол үшін жан-жағыма үнемі назар салғанды, таныс, бейтаныс адамдармен сөйлесуді ұнатамын. Қазір жастың да, үлкеннің де қолында бір-бір телефон. Жан-жағына қарауға шамасы жоқ. Қоғамдық көлікте отырсақ та, әлгі телефонға үңіліп, біреудің барын салып түскен суретіне лайк басу, пікір жазу, керекті-керексіз сайттарды қарау, желілердегі видеоларды тамашалау секілді дүниелерді қарап отырады. Көшеде кетіп бара жатқан жандар да жолды бағытқа алып, сүріне-қабына екі көзін алмастан телефонға үңіледі. Жиын, кездесулер, ойын-сауықтық думандарға барсаңыз да адамдар өз беттерінше басқа әлемде, телефонға телміреді. Өткенде бір үлкен шарада болдық. Жақсы тақырып қозғалып, тренер барын салып, қызықты өткізуге тырысып жатыр. Алайда, басқаша көрініс өрбіген. Жиналған 30 шақты адамның басым бөлігі телефонның қызығына ден қойған. Бірі суретке түсіп, енді бірі видео арқылы тікелей эфир жасап отыр. Жиынның мағынасын түсініп отырғандар саусақпен санарлық. Сонда бұл шараға не мақсатпен келді деген ой түйесің. Бір мысал келтіре кетейін, жақында «ВКонтакте» желісінде егде жастағы ағамыз достық жіберіпті. Ашуланып, достығын қабыл алмадым. Бұл желіге бастауыш сынып баласынан бастап, үлкендер де тіркеледі. Қызығы кез келген тақырыпқа арналған топтар бар. Онда қажетті де, қажетсіз де дүниелер жеткілікті. Тек дұрыс пайдалана білсе болғаны. Бірде тағы үлкен шара өтіп жатыр. Алдыңғы орында жасы 60-ты алқымдаған екі апамыз отыр. «Instagram» тіркеліпті. Сан түрлі суреттермен парақшасын толтырып қойыпты. Екеуі желінің қызығына еніп, келген шараны ұмытқан. Көз қиығымды салып қоямын, бас алмайды. Расында, немересінің қызығын айтатын апаларымыз желінің әлеміне шырмалған.
Тағы бір айта кетерлігі, интернет өмірімізге енгелі рухани азық кітапты ысырып қойдық. Бұл – шындық. Кітаптар шаң басқан сөрелерде жатыр. Кім қашан, қай кезде ашар деген үмітпен. Ал, қажетті ақпаратты «Google» деген көмекшіге жүктей салса болды. Сарт еткен жауап. Осы телефон, интернет жоқ уақытта жастар жарыса кітап оқыды. Талқылады. Шетел әдебиетін шолды. Мақал-мәтел, өсиет сөздерді қолдана сөйлейтін. Қазір қалай? Әлеуметтік желінің арқасында сөзге шорқақ, әріптерді қысқартып, жұтып сөйлейтін күйге жеттік. Тілімізде жоқ түсініксіз сөздер пайда болды. Тіпті жазуға құлқы жоқ жастар дайын смайликтермен үн қатады.
Бірақ интернетті тиімді пайдаланып, жұмысын жасап жатқандар бар. Сондықтан әлеуметтік желіге тіркелсек те, уақыттың қадірін ұмытпайық.

С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 27 қараша 2017 г. 697 0