Бұл күндері Қызылорда облысында мал шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келеді. Жылдан жылға мемлекеттік бағдарламалар аясында байырғы атакәсіпке мойын бұрушы қандастарымыздың қатары молаюымен бірге, төрт түліктің басы да өсу үстінде. Мал басының аман сақталуы мен уақытылы егу жұмыстарының жүргізілуінде әрине, мал дәрігерлерінің өлшеусіз еңбегі бар. Солардың қатарында Жаңақорған ауданына қарасты Қыраш ауылындағы мал дәрігерлік пункт меңгерушісі Нұрлан Бимбетов те бар.
Қатарлас-сыныптастары мектеп бітіру туралы аттестаттарын алысымен ана қалаға, мына қалаға оқуға барамыз деп бас қатырып жүргенінде Нұрлан өз байламын бекітіп те қойған болатын. Жұрт секілді дабыра жасамай-ақ, Бірлік совхозының бөлімшесіне жұмысшы болып қабылданып, айыр-күрегін көтеріп жүре берген-ді. Бір жылдан соң оны әскер қатарына шақырды. Керзі етікті тарсылдатып жүріп, екі жылды да өткеріп, елге қайта оралды. Осы кезде жас жігіттің көңіліне совхоздың отар-отар қойын емдеп, жазылғанын қатарға қосып, ем қонбағанын бір парақ қағазбен-ақ, «басын шабатын» ветврач болуға аңсары ауды. Расында, сол кездері мал шаруашылығымен шұғылданатын шаруашылықтарда зоотехник, мал дәрігерлерінің түкірігі жерге түспейтін-ді.
Осы арманы жетелеп, оны Сарыағаштағы Қапланбек совхоз техникумына алып келді. Үш жыл оқып, кіші мал дәрігері деген қатырма қағазды қалтасына салып, өз ауылына келді. Совхозда майлық-сулығы бірдей, ветсанитар деген қызмет бар. Мал да емдейді, санаққа да қатысады, жұмысшы табылмаса, мал айдап, жем-шөп те таратып кете беретін әмбебеп жұмыс. Елгезек те тілалғыш жігіт осы шаруаға қойды да кетті. Тау ішіндегі алыс отарлардағы малдарды көріп, дәрі егіп қайту керек болса, мұны жұмсайды. «Машинаның реті болмай тұр, мініс атыңмен барасың», деп кеңседен шығарып салады басшылар көбінесе. Шобыр атын қамшылып сол бетімен апталап жүріп қайтатыны бар-ды. Айына 4-5 рет осылай сапар шегіп қайтады. Күннің ыстығы, желді, қарлы-жаңбырлы күндері қиын-ақ, алайда жас маман амалсыз шыдайды. Мұнысы жөн болған екен, бөлімшенің мал дәрігері Бердиев зейнеткерлікке шыққанда ферманың белді шопандары Мәулен Әкімбаев, Олжабай Әшімов, Насырулла Мырзабаев және басқалар «Нұрлан Бимбетовті мал дәрігері етіп бекітіңіздер» деп совхоз басшылығына ұсыныс түсіріпті. «Жаяу жалпы, ыстық-суық демейді, малдың ем-домына жақсы қарайды, адал бейнеттенеді» депті шопандар. Осылай аяқ астынан дәм-тұзы көтеріліп, қызметі өсіп шыға келді. Қызметі өскені бар болсын, жауапкершілігі де арта түсті. Сонан соң, өзінің техникум бітірген оқуын қомсыныңқырап қалғандай болды ма, әйтеуір, Алматы қаласындағы Зооветеринарлық институттың сырттай бөліміне түсіп оқуын жалғастырды.
Қым-қуыт шаруаның арасында сессияға барып-келіп жүргенінде совхоз тарап, бұрынғы шаруашылықтар жүзге бөлініп, іріп сала берсін. Отар-отар малдың көбісі бартер деген желеумен жүрдек көліктерге артылып, жан- жаққа таратылып кете барды. Бара-бара мал дәрігеріңді керек қылатын адам да табылмай қалғандай. Бірақ, бұл оқуын жалғастыра берді. Ал қолына дипломын алған 1997 жылы шаруашылықта мал қалмаған еді. Жекелер де өз білгенін істеп, мал маманын барсың-ау, жоқсың-ау, деп іздей қоймады. Қайтсін енді, амалсыз өзінің қорасындағы 5-6 тұяғын күш-күштеп күндерін өткізе берді емес пе?
Осы бос жүрген аралығында дарияның арғы бетіндегі сиыр фермасына малдәрігері-гинеколог деген мамандықты малданып, ірі қараның буаз-қысырын ажыратып бірер жыл жүргені бар. «Жолдас Бимбетов, ана қара сиыр мен ала сиырдың қашан туатынын ажыратып, журналға түсіріп қойыңыз», деп бұйрық береді аға мал дәрігері. Бұрындары қой-ешкінің жайымен шеттеу жүріп қалған бұл әлгі айтылғанның парқын алғашында оншалықты ажырата алмай жүрді. Шамамен осылай шығар деп мәлімет әкелсе, кеңседегі қулар тырқылдап күледі. Сөйтсе, олар, сиырға қашан бұқа түскенін бұрынғы журнал бойынша біліп отырады екен де, бұған жорта сынау үшін тапсырма береді екен. Бұл қулықты біліп алған маман енді өз кәсібіне шындап ден қойды. Сөйтті де олардың өздерінен асыра айтатын деңгейге жетті. Әрине, ізденісінің, ерінбеген еңбегінің арқасында.
Сиыр фермасында қызмет еткен екі-үш жылы зая кетпепті. Бір күні ауылдағы көршісі түс ауа алқынып жетіп келіпті. Бұзаулы сиыры кешеден бері жем-шөп жемей, жата беретін көрінеді. Ал түстен бері орнынан тұрар емес. Енді қайтпек керек? Мал иесі ақ адал малын көз алдында өлтіріп алса, ағарғанға қарап отырған кішкене балаларына не айтады? Алқына тұрып айтқан әңгімесі осы нобайда. Ойланды. Сиырдың қарнын олай басып, былай басып әбден көрді. «Малың қорыта алмайтын бір нәрсе жеген екен. Операция жасамаса болмайды» деп дүңк еткізді. «Ойбай-ай, операциясы несі? О заманда бұ заман сиырға операция жасайды дегенде естісем, құлағым керең болсын» деп егесі шыр-пыр болды. Ақы егесі шыр-пыр. Көп сөзге жоқ ветврач сиырдың екі аяғын буып, басын қазыққа байлады да скапельді қолға алды. «Ірі қараның қарны төр бөліктен тұрады. Әлгі жұтқан полиэтилен қалта немесе синтеткалық жіп осы жерлерде бунап тұрып қалады. Асқазаны төмен басқан соң малдың тұра алмай жата беретіні сондықтан. Қабырғасын тіліп, әлгі керексіз затты саумалап алып тастаймын да, малдың етін бір бөлек сонан соң терісін өзінше тігемін. Сыртын бастыра байлап тастаймын. Апта бойы күтсе, күйі бар мал қайтадан өріске шығып кетеді». Сөйттім.
Әне, бақ көтерді деген осы. «Ойпырай, Нұрлан малға операция жасайды екен, қолы тиген мал қайтадан шауып шыға келеді екен» деген сөз желдей есіп, ауылдастары түгілі көрші ауылдарды шарлады. Осылай осы маңдағы талай ірі қараны қатарға қосты.
Өз мамандығын барынша сүйетін біздің бүгінгі кейіпкеріміз қазіргі кезде Қыраш ауылындағы ветеринарлық пункттің меңгерушісі. Өзімен бірге Мейірбек Монтаев, Алмат Сыдықов, Мұратбек есімді азаматтар ауылдағы төрт түліктің ем-домына қарайды. Оның қызметіне нарықтық заманның кәсіпкерлері, мал өсірушілер Жалбызбай Итаяқов, Жоламан Мырзахметов және басқалар дән риза.
– Ауылдық округімізде 10300 қой-ешкі, 300 жылқы, 110 түйе және 1200 бас ірі қара малы бар. Мемлекеттің бекіткен тізбесіне сай, сібір жарасы, аусыл, сары ауру және күл кеселдеріне қарсы екпе саламыз. Ауырса, емдейміз. Қалай дегенде де мал басының аман болуы мен оның қауіпсіздік шараларын қолданамыз, – дейді Нұрлан Бимбетов өз сөзінде.
Адам денсаулығының мықты болуы төрт түліктің саулығына тікелей қатысты. Міне, осы орайда өз мамандығын мақтаныш ететін мал дәрігері еселі еңбек ету үстінде.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылы.