Қойылатын талабы мен талғамы жоғары әскери маман болу – әрбір мектеп бітіруші ер - азаматтың арманы. Дегенмен де, болашақ әскери - оқу орындарына кез-келген түлек жолдама ала алмайды. Алдымен, болашақ курсанттардың бойынан жігерлікпен жауапкершілікті, қырағылықпен сауаттылықты, денсаулығының жарамдылығы басты міндет саналатыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда еліміздің қорғанысын қамтамасыз ететін болашақ офицерлермен сержанттарды даярлайтын әскери - оқу орындардың ахуалы жылдан-жылға жағымды жаңалықтармен толығуда.
Әскери оқу - орындар туралы айтар болсақ, республика аумағындағы Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында «Жас ұлан» республикалық мектебі, Алматы қаласында Құрлық әскерлері әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери- инженерлік институты, Ақтөбе қаласында екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Ж.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Щучьенск қаласында Ш.Уәлиханов атындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министірлігінің кадет корпусы, Талдықорған қаласында «Арыстан» мамандандырылған әскери лицейі бар. Сонымен қатар, 17-21 жас аралығындағы азамат осы аты аталған әскери оқу - орындарының қойылған міндеттеріне сай келсе, тегін білім алуға құқығына ие болады.
«Үйренгім келеді-үйрене аламын - үйрену керек» − деген сөзді алдына мақсат ете білген Қазалы ауданы Әйтеке би кенті №266 мектеп-лицейінің жас түлегі Абзал Зұлхарнай қазіргі таңда Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 1-курс курсанты.
«Абзал Бауыржанұлы: даңқты қолбасшы, Б.Момышұлы "жұртым деп - жұмылып, елім деп - езіліп қызмет ет!", - деген нақыл сөзін жазып қалдырған болатын. Қаһарман батырдың өрнектелген сөзіне сәйкес, Отанға жан-тәнімен қызмет ете білген туған жерім Қазалы ауданының тумасы Ауған соғысының ардагері генерал-майор Ә. Ерниязов және ауданыма көршілес орналасқан Арал қаласы Сексеуіл кентінде дүниеге келеген генерал-майор М.Таласов секілді болашақта «генерал» болғым келеді.
- Әрине, генерал шенінің жүгі ауыр. Ол үшін әр минутыңды тиімді және рухани дүниеге жұмсай білуің қажет, - деді ол.
Жас түлек арманын мақсатқа айналдыруға септігін тигізген сынып жетекшісі Ж. Ақбаеваға және бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Е. Бердалиевке алғысы шексіз. Зұлхарнай Абзалға әскери оқу-орынды жоғарғы дәрежеде бітіріп, келешекте Сыр елінен шыққан генерал болсын, − деген игі ниетімізді білдіреміз.
А.Шағырбаева.
Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы.