Жалпы адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетін танытуда,зерттеу мен насихаттауда музейлер үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар ұлттық-мәдени, азаматтық, әскери еңбек жетістіктерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің ерекшеліктерін оқып-үйренуге негіз бола алады. Сондықтан да бүгінгі күні әлем мемлекеттері арасынан музейі жоқ елді кездестіру мүмкін емес.
Музейлер мемлекет пен қоғам алдында құнды жәдігерлерді сақтау, қорғау, пайдалану қызметтеріне жауап береді. Олар жүйелері әр түрлі профильдегі типтен тұрады. Тарихы ұзақ кезеңдер арқылы қалыптасады. Әрбір музей ғылыми пәндердің, өнердің саласына қарай жүйеленеді.
Осы орайда тарих пен жаратылыстану бағытын біріктіріп жұмыс істеп келе жатқан музейлердің бірі Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі. Музей 1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының ұйымдастыру комитетінің қаулысымен құрылды. Алғашқы жылдары музей қаладағы Православие шіркеуінде орналасты.
Облыстық музейдің қалыптасуына, алғашқы коллекцияларының жинақталуына музей басшылары Б. Гичиев, М. Мақсұтов, А.Әбубәкіров, мемлекет және қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаев, Жақсыбай Құлымбетов, жазушы Саид Баязатов, соғыс және еңбек ардагерлері Көмекбай Қаракөзов пен Қалқабай Әбеновтердің еңбектері зор болды. 1980 жылы музейге қаламызды көркейтіп тұрған екіқабатты ғимарат беріліп, 1985 жылдың 7 мамырында экспозиция ашылды.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда заман талабына орай тарихи-рухани құндылықтарға жаңаша көзқараспен қарау қажеттігі туды.
Музей қорларын жинақтаған кезде далалық экспедиция жұмыстары, бірлескен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі кеңінен қолданылады. Музей қызметкерлері тек өткен дәуірдің ескерткіштерін жинап қана қоймай, ізденушілікпен, зерттеу жұмыстарымен үзбей айналысуды мақсат етті. Ғылыми қызметкерлер міндетті түрде облыс территориясында жүргізілген барлау, археологиялық экспедициялар құрамында болып қазба жұмыстарына белсене қатысты.
Мұражай қорында бүгінде өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихынан терең сыр шертетін 65 мыңға жуық экспонат сақталуда. Археологиялық қорындағы сирек кездесетін экспонаттар баға жетпес ұлттық байлық болып табылады. Қазақстанның өте ерте замандардағы тарихынан ХV ғасырға дейінгі тарихты музейдің археология залы баяндайды. Оның негізін Сыр бойынан табылған материалдар құрайды. Зал экспозициясы тас дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірі, орта ғасыр кезеңдерінен тұрады.
Музейдегі қымбат бағалы заттардың тағы бірі таза күмістен, алтыннан жасалған бұйымдар. Музей қызметкерлері қолөнер, зергерлік бұйымдардың қасиеттерін зерттеп, сараптаудан өткізеді. Қызығушылық білдіріп, тереңірек білгісі келген жандарға музей мамандары қажетті мағлұматтар да бере алады. Музейдің негізгі жұмыстарының бірі ғылыми зерттеу жұмыстары болып табылады.
Мультимедиалық зал толығымен жабдықталған. Музей қорларын есепке алу және сақтау жұмыстарын жетілдіру мақсатында облыс музейлері құндылықтарының мәліметтері базасын кеңейту мақсатында, музейлерді алыс-жақын шетелдердегі және Қазақстандағы компьютерлік «Музеолог» жаңа бағдарламасы еңгізілді. «Музеолог» бағдарламасы тарихшы-ғалымдардың, музей қызметкерлерінің, көпшіліктің Интернет арқылы әр түрлі елдердің музейлеріндегі құнды жәдігерлермен танысуына мүмкіндік береді. Аталған бағдарламалардың жиынтығы, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің тарихы, мәдени және табиғи мұралары бойынша халықаралық ЮНЕСКО ұйымы үйлестіріп отырған виртуалды музейлердің телекомуникациялық желісінің «Мұра желісі» жобасына негізделген.
Мәселен, 2008-2010 жылдарға арналған «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасына сәйкес облыс музейлерінің құндылықтары мен Интернет арқылы танысуға мүмкіндік жасау мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейіне мультимедиалық тұсаукесері /презентация/ жасалып, WEB-сайт жаңа деректермен толықтырылды.
Алдағы уақытта жаңа маңызды жобаларды жүзеге асыру, театрландырылған көріністер, мерекелерді өткізу жоспарланып отыр. Сыр бойы сан қилы шежірені жинақтаған алтын қойма тәрізді. Киелі мекеніміздің тарихын саралаудың бір жолы өткенімізге жете үңілу, байқағандарымыз бен тапқанымызды ортаға салу, ескі мұраларды заман талабына сай байыптау болып табылады. Биылғы жылы музейіміздің құрылғанына 65 жыл толғалы отыр.
Әмірғали КӨШЕКБАЕВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы.