ҮЙІҢІЗДЕ ҰЛТТЫҚ КИІМ БАР МА?

Әрбір ұлттың өзіне тән ұлттық киімдері бар. Сол арқылы қай ұлыстың өкілі екенін аңғарамыз. Соңғы кездері ұлттық нақыштағы киімдеріміз қайта жаңғырып келеді. Нәтижесінде нарыққа көптеп ұсынылып, жаңа стильде көрініс тауып, сұраныс артты. Мұны қала орталықтарында ашылған қазақы киім тігетін шеберханалардың көптеп ашылып жатқанынан да байқауға болады. Сонымен бірге той, жиында, кездесулер мен жұмыс орындарында ұлттық киімдерімізді кигендерді жиі кездестіріп жүрміз.
Жақында қыз ұзату тойында болдық. Байқағаным, жас келіндердің барлығы қазақы ою-өрнектермен безендірілген орамал, әшекейлер мен камзолдар киіпті. Қандай жарасымды. Іштей қуанып қалдым. Қазақ қыздарынан асқан сұлу бар ма? Арулардың сұлулығын толықтырып тұратын осы ұлттық киімдеріміз бен әшекейлеріміз. Ұзатылып бара жатқан қыз да қазақша көйлек пен сәукеле киіпті. Шашы өрілген. Шолпысы төгілген. Сыңғырлап шыққанда көпшіліктің назарын аударды. Құдалар жағы тамсанды. Қызды қолтықтаған екі жеңгесі де етек-жеңі төгілген, кестеленіп тігілген ұлттық киімдерімізбен ажарланып тұр. Тіпті, үлкен апаларымыз да сәні келіскен, өрнегі көздің жауын алатын камзолдармен көйлектер киіп жүр. Бір-бірінің көйлектеріне қызығып, қандай дүкеннен алғанын, болмаса, қай тігінші тіккенін сұрастырып жатыр. Расында, әсемдік пен көркемділікті қазақы ою-өрнектерінен табуға болады. Бұрындары 40, 50, 60 жасқа толған ел ағалары мен ақ жаулықты аналарымызды құттықтау үшін бөрікті шапан жауып, камзол кигізгенде ғана бұл біздің ұлттық киімдеріміз екенін еске түсіретінбіз. Сонымен бірге 22-наурыз Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесінде киіп шығатынбыз. Ал, қазіргі кезде сүндет той, бесік тоймен қатар жұмыс орнында, күнделікті киюге ыңғайлы қазақша киімдер саудаға шыққан.
Осы ретте отандық тігіншілер жеңіл жейделер, камзолдар мен көйлектерді күнделікті киіп жүруге ыңғайлы етіп тігіп жатыр. Бұл киімдермен кез келген ортаға бара аласыз. Демек, сұраныс бар. Мәселен, қала орталығындағы «Қолөнер» дүкені қазақша оюлармен өрнектелген киімдерді сатылымға шығарып келеді. Дүкенде ұлттық нақыштағы қыз жасауы, бұйымдар, әшекейлер, бесік, камзол секілді киімдердің сан түрі бар. Ондағы тігіншілер сіздің қалауыңызға сай етіп, түрлі тастармен оюлардан өрнектелген ұлттық киімдерді тігіп береді. Әшекейлерді талғамға сай жасайды.
Айта кетерлігі, отандық дизайнерлердің көпшілігі ұлттық нақыштағы киім үлгілерін әлемдік сән әлемінде көрсетіп, жоғары баға иемденіп жүр. Көрмеде қызығушылық танытатындар да аз болмайды екен. Дизайнерлер бұл киімдерге бағалы маталарды қолданады. Оған ою-өрнектер, түрлі әшекей тастармен көмкеріледі. Бұл еңбекке уақыт көп кетеді. Сондықтан бағасы қымбат. Оны кез келген жанның қалтасы көтере бермейтіні анық. Осы ретте ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін жалпыға бірдей қолжетімді ету жолын қарастыру қажет секілді.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХІ ғасырда ұлттық танымымызды сақтап қалуға қатысты ойы айтылды. Онда елдің бұдан әрі қарай дамуы ұлттық мүддемен мәдениетпен ұштасады делінген. Расында, біздің ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрімізді айқындайтын басты құндылығымызды ол қазақша киімнен де аңғаруға болады.
Бала күнінен бастап ісмерлікпен айналысып келе жатқан Айсұлу Ерсінова қазақтың ұлттық киімдерін тігуге маманданған. Айсұлудың айтуынша, соңғы жылдары қызылордалық тұтынушылар арасында ұлттық нақыштағы киімдерге тапсырыс артқан. Қазір әдемі сән үлгісі қазақы нақышта тігілуде. Әсіресе, мерейтойларға зерлеп тіккен камзол, шапандар сыйлау сәнге айналған. Тігін цехында жұмыс істейтін жұмысшылар өз істерінің маманы. Олар ұлттық киім тігу, өрнегін салу, оюы мен тастарды пайдалану оңай шаруа еместігін алға тартты. Шеберхана тек киім тігумен ғана шектелмейді. Ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, қыз жасауын да жасайды екен.
Жыры бітпеген жыртық шалбарды кигеннен жарасымды қазақша киімдерімізді киіп, жандандырсақ құба-құп болар еді.

Сара АДАЙБАЕВА.
ҚОҒАМ 23 қараша 2017 г. 1 547 0