Жуырда облыстық филармония «QYZYLORDA» телеарнасымен бірлесіп, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында қайырымдылық концертін ұйымдастырды.
Қайырымдылық – халқымыздың ізгі қасиеттерінің бірі. Жүрегі жылылыққа толы жандар ғана айналасындағыларға қуаныш сыйлай алады.
Осы мақсатты негіз еткен шарада Сыр елінің перзенті, талантты эстрада әншісі Серік Ибрагимов өнер көрсетті. Бұл концертті қарттар мен аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар тамашалап, жас та болса азаматтық жасап, кіндік қаны тамған жеріне келіп, халқына деген ыстық ықыласын әнмен жеткізген жерлесімізге алғыстарын білдірді. Бұл кеште Гаухар Бисекенова, Ринат Үсенов, Айдана Наукеева сынды филармония әншілері де өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Осылайша, қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылған концерт көпшілікке қуаныш сыйлады. Жұртшылықтың жүзінен шаттанып отырғандары анық аңғарылды.
А.БЕК.