Бүгінде елде шағын және орта бизнестің дамуына айрықша қолдау көрсетілуде. Аталған саланы дамытуға бағытталған көптеген жобалар іске қосылды.
Осы орайда кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетемін дегендер жеңілдіктерге қол жеткізіп, жобасын іске асырып келеді. Соңғы кезде кәсіп ашуға ниетті жастар қатары артқан. Оларды кәсіпке баулу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Тіпті, кәсіпті игерместен бұрын, оның қыр-сырын үйрену үшін түрлі бизнес курстарда оқуға да болады. Жастарды кәсіппен айналысуға ынталандыру мақсатында түрлі байқаулар да ұйымдастырылуда.
Осы ретте өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Дінмұхамед Болатбеков жастарға арналған «Baikonur Start-up» бизнес-идеялар байқауы жарияланып, өтінімдер қабылдау басталғанын мәлімдеді. Бұл байқауды өткізудің негізгі идеясы талантты, әлеуметтік жауапкершілігі бар, инновациялық қызмет түріне және кәсіпкерлікке ынталы жастарды анықтау, қолдау, және бизнес-идеяларын жүзеге асыруға жәрдемдесу болып табылады. Байқауға 18-29 жас аралығындағы облыс тұрғындары қатыса алады.
Қатысушы өтінімдері биылғы жылдың 5 желтоқсанына дейін қабылданады. Байқау өңірде ең белсенді және перспективалы жастарды айқындауға, жаңа бизнес ашуға қолдау көрсетуге жағдай жасау, қызықты идеяларды және жобаларды әзірлеу және өз бизнесін құруға дайын жас кәсіпкерлер қозғалысын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бір ескерте кетерлігі, байқауға алкоголь және темекі өнеркәсібіндегі, ойын бизнесіндегі, сондай-ақ нәпсіқұмарлық сипаттағы жобаларды жүзеге асыруға арналған өтінімдер жарамайды. Жалпы, байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өтінімдер қабылданып, шартқа сәйкес алдын ала іріктеуден өтеді. Мұнан кейін комиссия мүшелері үздіктерді іріктеуден өткізіп, 6 жобаны таңдап алады. Соңғы кезеңде жеңімпаздар анықталады. Бастысы, өтінімдер белгіленген мерзімде, облыс әкімдігінің ресми сайтында орналасқан үлгі бойынша ұйымдастырушының электронды мекен-жайына жолдануы тиіс. Жүлде қорына келетін болсақ, бірінші орын біреу, екінші орын екеу және үшінші орынға үш үміткерден келеді. Жеңімпаздар ақшалай сыйақымен марапатталатын болады. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткелі отырған байқау өз нәтижесін берсе, алдағы уақытта тұрақты түрде өтетін болады.
Жалпы, байқау өз кәсібін ашуға ниеттеніп жүрген кез келген жасқа мүмкіндік береді. Егер сіздің жобаңыз үздік деп танылып, жеңімпаз атанып жатсаңыз, алдағы уақытта жүйелі жұмыс жасауға жол ашылады. Сондықтан әрбір жас бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланған дұрыс.
Сара АДАЙБАЕВА.