ТІЛСІЗ ЖАУДАН АБАЙ БОЛАЙЫҚ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында жиын өтті. Оған облыстық медициналық орталығынан, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалынан және ТЖД
Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының мамандары қатысты.
Сала мамандары биыл облыс бойынша 446 өрт оқиғасы орын алғанын мәлімдеді. Тілсіз жаудан 3 адам қаза болған, оның бірі жас бала. Түтінге уланудың 10 фактісі тіркеліп, одан 25 адам зардап шеккен.
Төтенше жағдайлар департаменті әр аптаның сенбі күндерін «Өрт қауіпсіздігі күні» деп жариялап, 66616 тұрғын үймен, 329102 тұрғынға түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
– Жылу маусымы басталғалы Төтенше жағдайлар департаменті адам өмірі мен денсаулығын, меншікті және қоршаған ортаны өрттен қорғау үшін қауіпсіздік шараларын өткізіп келеді. Оның ішінде тұрғын үйлердегі тұрмыстық жағдайдағы от жағу пешінің қауіпсіздігі және көмірқышқыл газына уланудың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, – деді подполковник Руслан Қайрақбаев.
Жыл басынан бері тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту, өртте адам өлімінің алдын алу, азаматтардың жеке мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округтер әкімдіктері мен пәтер иелері кооперативі өкілдері және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп 331 рет 6118 тұрғынның қатысуымен жиын өткізілген.
Бұл бағыттағы жұмыстар мектеп жасындағы балалар арасында да өткізілуде. Оқушыларға өрт кезінде дұрыс әрекет ету, жарақаттанудың алдын алу және өрт қауіпсіздігі саласындағы білімді жақсарту бағытында Төтенше жағдайлар бөлімшелерінің қызметкерлері білім беру мекемелерімен бірлесіп, жалпы білім беру орындарында 6 интерактивті сабақ, 18 викторина, 143 нұсқау өткізген. Осы кездесулер кезінде слайд пен бейнероликтерді пайдалана отырып, балаларға өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде жалпы ережелер мен талаптар таныстырылған. Мұндай шараларға мектепке дейінгі мекеме, мектеп, колледж, лицей, жоғары оқу орны қатыстырылуда. Сондай-ақ мұғалімдер мен оқушыларды өрт қауіпсіздігі шараларын оқытуға бағытталған 143 дәріс пен әңгімелесу жұмыстары жүргізілген.
Сала мамандары облыс тұрғындарына тілсіз жаудан абай болуды ескертеді.

Н.САҒАТҰЛЫ.
ҚОҒАМ 23 қараша 2017 г. 701 0