ӨШПЕС ДАҢҚ
Қазақ халқының мемлекет болып қалыптасу жолында небір шайқасты, тар жол тайғақ кешуді бастан кешіргені анық. 1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпанына дейін он жылға созылған Ауғанстандағы соғысқа мыңдаған қазақстандық жауынгер қатысқан. Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толды. Ұрыс даласындағы қанды шайқаста құрбан болған боздақтар өз елінің, өз Отанының патриоттары еді.
Ауғанстанға барған қазақстандық жауынгерлердің бәрі жастар еді. Алайда, жастықтарына қарамастан, интернационалдық борыштарын орындау кезінде олар өз өмірлерін аяған жоқ. Ауғанстан талайлардың жанына жара салып, көңіліне қаяу түсірді. Өзге елде жүрсе де, Отанға шексіз берілгендігімен көзге түскен еліміздің интернационалист жауынгерлері соңғы уақытқа дейін берген анттарына адалдық танытты.
Жастық шақтарын соғыс өрті шарпып, өздеріне бұрын-соңды беймәлім жат ел үшін қан кешкендердің көрсеткен ерліктері жастарды әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеудің, тірі қалғандардың батылдығы мен ержүректіліктерін насихаттаудың, патриотизмнің қалыптасуы мен нығаюының құралы болып табылады.
Ауған және жергілікті соғыс кезінде қаза болған жауынгер бауырларымыздың есімдері ешқашан ұмытылмақ емес. Ел басына күн туған ауыр кезеңде опат болған ержүрек жерлестерімізді құрметпен еске алып, арамызда жүрген көзі тірілерін әрқашан ардақтап отыру бүгінгі ұрпақтың адамгершілік парызы.
Ауғандық жауынгерлердің еңбегі еш уақытта ұмытылмайды. Біз оларды әрқашан мақтан етеміз, құрмет тұтамыз. Олардың ерлігіне тағзым етеміз.
Р.НҰРАЛИЕВ,
облыстық қорғаныс істері
жөніндегі департамент бастығы, полковник.
ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ
А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет сарайында кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына ширек ғасыр толуына орай облыс әкімшілігі мен білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ерлікке тағзым» атты патриоттық кеш болып өтті. Кешке Ауған соғысының ардагерлері мен жат жерде қалған сырбойылықтардың аналары, жесірлері және қала жастары, студенттер қатысты.
Кеш барысында арнайы түсірілген бейнефильмдер, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж студенттері дайындаған көріністер көрсетілді. Мақсаты бұлыңғыр, Кеңес үкіметіне еш абырой әпермеген он жылға созылған қырғын соғыста Сыр өңірінің 827 өрені от кешті, 18-і жат жерде мәңгілікке көз жұмды. Қазіргі ортамызда жүрген 626 ардагердің 40-қа жуығы мүгедектер қатарында.
Салтанатты кеште Ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлердің аналарына, Ауған соғысының бір топ ардагерлеріне, жесірлеріне және бірқатар қоғамдық бірлестік жетекшілеріне мерекелік медаль мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. ҚР «Ауған соғысы мен жергілікті соғыс ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қайреддин Баймаханов мұндай шараның жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызды рөл атқаратындығына тоқтала келіп, ардагерлерге көрсетіліп жатқан құрметке ризалық білдірді.
Кеш соңы гуманитарлық колледж студенттерінің концертіне ұласты.
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.
АУҒАН АЛАУЫ ЖАДЫМЫЗДА
Осыдан 25 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында, геосаяси кордонға айналған Ауғанстаннан 10 жыл соғысудан көз ашпаған КСРО әскері шығарылды.
Осы оқиғаға орай Қызылордадағы А.С.Пушкин атындағы орталық қалалық кітапханада «Ауған алауы жадымызда» атты патриоттық кеш өткізілді. Кеште оқырмандар ауған соғысының ардагерлері, жерлестеріміз Сейітқан Әбдіқалықов, Ағанас Балмұрзаев, Сәбит Піралиевпен кездесті.
Кездесуде Ауған соғысы туралы слайд көрсетіліп, «Ауған қасіреті» атты кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, кітапхананың белсенді оқырмандары «Ана мұңы» атты көрініс көрсетіп, көрермен жүректерін бір тебірентті.
Кеш қонақтары өзінің әскери қызмет атқарған кездеріндегі оқиғаларды еске ала отырып, әскери жолдастарымен кездесіп тұратындары жайында әңгімеледі. Ардагерлерге арнап кітапхана оқырмандары патриоттық өлеңдерді мәнерімен жатқа оқып, әндер орындады. Ардагерлердің әңгімесін ұйып тыңдаған жас жеткеншек оқырмандар қаладағы оқу орындары, атап айтатын болсақ «Ақмешіт гуманитарлық-техникалық» институты, «Болашақ» университеті, «Құрылыс және бизнес» колледжінің студенттері кеш қонақтарына өздерінің сұрақтарын қойып, қызықты жауаптар алды.
Кездесудің соңында ардагерлер жас жеткіншектерге Отанымыздың адал патриоттары болуларына тілек білдірді.
Қарлығаш СРАЖАДИНОВА.