Исламнан бұрын араб халқы әйел затын қорлап, кемсітіп қарайтын. Қыз баланың дүниеге келуін сұмдық санайтын. Тіпті оларды тірідей жерге көміп тастаудан еш тайынбайтын. Әйел адамды әке-шешесінен қалған мирастан мақрұм етіп, оларға өз үлестерін бермейтін. Мұндай бассыздық тек арабтарға ғана тән емес-ті. Әйел затына үйдегі мүлік ретінде қарап, оларды адамзаттың азғыны санайтын ұлттар да кездесетін.
Ал, Ислам діні әлемге жарық нұрын шашқаннан соң, әйел затының құқығын өзіне қайтарды. Беделін көтеріп, оның отбасындағы және қоғамдағы орнын айқындап берді. Қасиетті Құран Кәрімде ер мен әйелдің арасындағы теңдікті көрсетіп, әйел еркектің қабырғасынан жаралғанын айтады. Егер әйел, ана дәрежесіне жетсе, Ислам жаннатты оның аяғының астында деп түсіндіреді.
Ғасырлар бойы Ислам дінімен сусындап, шариғаттың шамын жаққан дана халқымыз әйел затына ерекше ілтипат көрсетіп, көңіл бөлген. Оған дәлел адам өміріндегі асыл қасиеттерді ана сөзімен байланыстырған. Яғни жер ана, табиғат ана, тіпті байланыс дәнекері болған асыл тіліміздің өзін Ана тілі деп дәріптеген. Қасиетті Құран Кәрімнің 114 сүресінің ішіндегі «Ниса» деп аталатын сүренің өзі де «Әйелдер» деген мағынаны береді. Ал еркектер деген атпен аталатын сүре жоқ. Бұл Ислам дінінің әйел затына деген ерекше құрметі десек те болады.
Қазір қоғамда өкінішке орай Ислам дінін жете түсінбейтіндер де бар. Әр-әр жерден ислам әйелдерге қатал, құқықтарын аяқ асты қылады деп байбалам салатындар да кездеседі.
Сауд Арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киім кию үрдісін, не түгел тұмшалану барша мұсылмандарға тән киім үлгісі деуден аулақпыз. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Құран аясынан шықпау шартымен әр қоғам киім үлгісін өзінің менталитетіне, әдет ғұрыптарына, заманына қарай ыңғайлы етіп таңдай алады. Қазақ жерінде әр өңірге тән әйел кимешегі болған. Оны жас ерекшеліктеріне қарай өзгертіп отырған.
Қоғамның басқа бұрышында қыз балалардың зорлық зомбылығы тіпті кәмелетке толмаған қыз балалардың күштеп зорланып, айуандықпен өлтіргенін естігенде жағаңызды ұстайсыз. Оған етіміз де үйренген сияқты. Құдды бір әдеттегі нәрсе сияқты мән бермейміз.
Қазақта «Қызға қырық үйден тыю, мың сан үйден сын» деп қыз баланың тәлім-тәрбиесіне катты көңіл бөлген. Ұзатылса, «барған жеріңе тастай батып, судай сің, ата-енең екінші ата-анаң, күйеуіңді сыйла» деп өсиет айтқан. Өйткені, «алып анадан туады» деп сенген халқымыз бір отбасының беріктігін, ұрпақтың тәлім тәрбиесін, тіпті қоғамның қуаттылығын осы асыл аналарға тікелей байланыстырған.
Жылы сөзге тез алданатын жас қыздардың қасқыр жүректі, түлкі тілді арамдардың арбауына түсіп, ар-ұяттарынан айырылып жатқандары қаншама. Жастардың отау құрып, көп кешікпей ажырасып жатулары да олардың имандылықтан алыстығын айқындайды.
Солай дей тұрғанмен, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін әйел затының қоғамға өзіндік ықпалының бар екендігі де айқын.
Асхат БЕЙСОВ,
Ақжарма ауылы Рахматулла мешітінің имамы.
Қызылорда қаласы.