Елімізде мемлекеттік тілді реформалау мәселесі қолға алынып отырғаны белгілі. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделген нұсқасы қолданысқа енгізілетін болады. Бүгінгі таңда барлық сала бойынша әзірлік шаралары қабылданды. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Өрлеу» біліктілігін арттыру Ұлттық орталығының филиалында «Аударма және терминология мәселелері» тақырыбында семинар болып өтті.
Шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің іс қағаздарын жүргізудегі сауаттылығын арттыру, терминдердің дұрыс әрі орынды қолданылуын қамтамасыз ету, қызметкерлердің тілдік танымдық деңгейін көтеру, сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілерді жаңа әліпбиге көшу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру болып табылады.
Семинарды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Е.Рүстемов жүргізіп отырды.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, «Терминологияны жүйелеу – тіл дамытудың басты шарттарының бірі», «Жаңа әліпби – лингвистикалық егемендігіміздің белгісі» тақырыптарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры А.Абасилов баяндама жасады. Ғалым аталған мәселелердің бүгінгі таңда өзекті болып отырғанын атап өтті.
– Ең бастысы, тілдің таңбалануы, одан әрі қалыпқа түсуі және жаңарып, жетілуі. Әр кезеңнің талабына сай осы аталған өзгерістердің орын алуы заңдылық. Мәселен, алдағы уақытта әліпбиіміздегі әріптердің таңбалануы латын графикасына көшкенімен, төл дыбыстарымыз сол күйінде сақталып қалады. Тіпті жаңа әліпбиді қабылдау барысында ана тіліміз кірме дыбыстардан арылып, ұлттық деңгейге көтерілетін болады.
Бүгінде аударма араласпайтын ғылыми техникалық прогресс кемде-кем. Бұл орайда сөзбе-сөз шұбалаңқы аудармалардан арылып, есесіне терминологияны жүйелеудің маңызы зор, – деп ойын түйіндеген А.Абасилов осыған байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
«Термин және аударма мәселелері» тақырыбында баяндаған ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Әбілов тақырыпты жан-жақты тарқатып, аталған мәселелердің бүгінге дейін өзекті болып отырғанын алға тартты.
– Мемлекеттік тілді дамыту бағытында қыруар қаржы бөлініп, қаншама жұмыстар атқарылса да, ана тіліміздің өз дәрежесіне көтерілмеуі – әрбірімізге сын. Мәселен, мемлекеттік тілде іс қағаздарын рәсімдеу барысында әлі күнге қиындықтар туындап жататыны жасырын емес. Оның бір себебі – аудармалардың сапасыздығы. Өзге тілден сөзбе-сөз аударылған, шұбалаңқы сөз, шұбыртпа тіркестер тіліміздің сынын кетіріп, түп тамырынан алшақтатып бара жатыр. Сондықтан аударма мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз қажет,– деді ғалым.
Келесі кезекте қаладағы И.Әбдікәрімов атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінің орыс тілі мен әдебиетінің жоғары санатты оқытушысы Ш.Жеңсікбаева «Аударманың тәжірибелік мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Онда тіл маманы аграрлық сала бойынша аударма мәтіндерінің тым күрделі екенін айтып, бірнеше мысалдар келтірді. Сол секілді бүгінгі таңда электротехника саласында да осындай олқы аудармалардың қолданылып жүргенін атап өтті. Аграрлық салаға байланысты арнайы сөздіктер болмағандықтан, көп жағдайда ғаламтор арқылы аудармалар іздеуге тура келетінін айтты.
«Аударма ісінің қазіргі жай-күйі және проблемалары» тақырыбында баяндама жасаған облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Б.Байділдаева күнделікті жұмыс барысында көріп жүргендей, аудармалардың бір-бірімен сәйкессіздігі, сөзбе-сөз аудармалардың кей жағдайда үйлеспейтіндігі туралы ой-пікірін ортаға салды. Сондықтан қазіргі таңда сауатты аудармашылар қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түспейтінін айтты.
Деректерге сүйенсек, дәл қазіргі таңда елімізде заңгер, қаржыгер мамандарының қоры 20 жылға жеткілікті екен. Сол себепті, алдағы уақытта аудармашы мамандар даярлауға арнайы көңіл бөлініп, жүйелі жұмыстар жасалуы тиіс, – дейді сала маманы Б.Байділдаева.
Семинарға облыс әкімі аппаратының, облыстық басқармалардың мамандары, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жауапты мамандары, филолог-ғалымдар, тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері қатысып, ой-пікір алмасты.
Ғазиза ӘБІЛДА.